Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры, сейсмолог Дәулет Сәрсенбаев алдағы уақытта жойқын жер сілкінісі болмайтынын айтты.
«Түнде болған жер сілкінісінен кейін Қырғызстан аумағында да, ҚХР аумағында да 100-ден астам тербеліс тіркелді. Алматыда 5 тербеліс қана болды. Бұл қанша уақытқа созылуы мүмкін дегенге келсек, былтыр Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен кейін тербелістер әлі күнге жалғасып келеді», – деді Сәрсенбаев.
Оның айтуынша, қалада түнде болған жер сілкінісінен жоғары баллды тербеліс болмайды.
«Алдағы уақытта жойқын жер сілкінісімен тербеліс болмайтынына 100 пайыз кепілдік беремін. Тербеліс күші кеми беретін болады», – деді Сәрсенбаев.
Еске сала кетсек, ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді.
Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы.
Осыған дейін өңірдегі басшылық Алматыдағы жер сілкінісінен бұрын тұрғындарға ескерту СМС-хабарламалар келмеуі мен қалада Дабыл қағылмауының себебін түсіндірді.
Сезгіштігі туралы мәліметтер (MSK -64 шкаласы бойынша): Алматы 5 балл, Шымкент 2 балл.
Жер сілкінісінің энергетикалық класы 15.1.
MPV магнитудасы 6.7.
Эпицентрдің координаттары 41.32° с. е. 78.61° с.б.
Тереңдігі 65 км.
Бұл жағдайға байланысты Алматы әкімдігі қаланың әр аймағында ТЖ кезінде халық жиналатын орындарды ашты.
Әкімдіктің баспасөз қызметі барлық мәлімет 2ГИС Алматы платформасында орналастырылғанын, «зардап шеккен халықты қабылдау пункті» бүкіл қала бойынша ашық екенін хабарлады. Картадан халық жиналатын орындар көрсетілген нұсқаулықтар таратылды. Сонымен қажетті деректер Алматы қаласы ТЖД және аудандық әкімдіктердің ресми сайттарына орналастырылған. Жағдайды қадағалау үшін жиналу орындарына аудан әкімдіктерінің қызметкерлері барған.
Алматыда болған жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккен. Бұл жайлы қалалық денсаулық басқармасы хабарлады.
«Алматыда 23 қаңтарда болған жер сілкінісі нәтижесінде сағат 03:00-те 8 адам зардап шекті. Олар бірден қалалық ауруханаға жеткізілді. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3 қабатынан секірген», – делінген хабарламада.
Дәрігерлер үш адамды тексеріп, екеуін үйіне қайтарып, амбулаториялық емдеуге жіберген. Басқарманың хабарлауынша үшінші науқастың жағдайы ауыр. Қазір ауруханада жатыр.