«Қазақтелеком» жыл соңына дейін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні (Tele 2 және Altel брендтері) сатады. Бұл туралы Үкіметтің «Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» қаулысына енгізілетін өзгерістер жобасында жазылған.
«Ашық НҚА» порталына орналастырылған құжат 14 ақпанға дейін қоғам талқысына ұсынылған.
«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы» деген бөлім «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС тармақшасымен толықтырылмақ. Серіктестік аукцион арқылы емес, тікелей сатылады.
«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС жеке оператор ретінде жұмыс істейтін Tele2 және Altel брендтеріне иелік етеді.
Былтыр «Қазақтелеком» жыл басында «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС компаниясына голландиялық компания делдалдығынсыз тікелей иелік ете бастаған.
«Қазақтелеком» сонымен қатар, Kcell компаниясының 51% акциясына ие. Kcell компаниясына Kcell мен Activ байланыс опетаролары тиесілі екен белгілі.
2023 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» кірісін 6 пайызға немесе 30 млрд теңгеге өсіріп, жалпы 504 млрд теңгеге жеткізген.
«Қазақтелеком» құрылымындағы операторлардың бірін жеке инвесторға сату жайлы әңгіме былтыр жазда айтыла бастаған. Өйткені компания нарықта монополистке айналып, абоненттер саны бойынша компанияның үлесі 70%-ға жетсе, ұялы байланыс сегментінде 60%-дан асқан.
Қараша айында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин операторды жеке инвесторға сату мәмілесі 2024 жылға жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Сол кезде «Мобайл Телеком-Сервис» және Kcell-де «тиісті тексеріс» жүргізіліп жатқан.
Алайда министр бұл бір жылда бітетін шаруа болмаса да, 2024 жылы жүзеге асуға тиіс деген. Өйткені байланыс нарығын демонополизациялау Мемлекет басшысының бақылауында тұр.
«Бұл рәсімге негізінен бір жылдан үш жылға дейін уақыт кетеді. Бірақ «Қазақтелеком» бұл тапсырманы келер жылы орындауы керек деп есептеймін. Себебі тапсырманы премьер-министр беріп, мемлекет басшысының бақылауында екені белгілі»,– деді Мусин.