Жалпы қарызы 16,5 млрд теңгеден асатын 9 мың қазақстандық «банкрот» деп танылды
2023 жылы тоғыз мыңнан астам қазақстандық ресми түрде «банкрот» мәртебесіне ие болды. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға барлығы 80 мыңға жуық электрондық өтініш келіп түскен.
Қазақстанда соттан тыс банкроттыққа өтінішті egov.kz сайты, e-salyq Аzamat және eGov мобильді қосымшасы арқылы онлайн немесе ХҚКО бөлімшесінде оффлайн тапсыруға болады.
«80 мың адам электронды түрде өтініш берді, оның ішінде 9 адамның жалпы 16,5 млрд теңгеден астам қарызы бойынша банкроттық жарияланды», – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Ол банкроттық рәсіміне келісім бермеу субъективті факторларға байланысты емес екендігін атап өтті.
«Мемлекеттік кірістер комитеті бұл процесті автоматтандырды. Тексеру процестерін мемлекеттік органдар, екінші деңгейдегі банктер, қаржы ұйымдары онлайн жүргізеді. Субъективті фактор жоқ. Барлығы автоматтандырылған»,– деп атап өтті Біржанов.
Банкроттық деген не?
2023 жылдың 3 наурызынан бастап елімізде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң күшіне енген. Осы күннен бастап қарызын өтей алмай жүрген отандастарымыз өздерін банкрот деп жариялауға өтінім бере бастаған.
Қазақстанда банкроттықтың салдары енді жаңа заңда көрсетілген. Несие алуға 5 жылға тыйым салынады, жаңа банкроттыққа 7 жылға тыйым салынады. Сондай-ақ қаржылық жағдайды 3 жыл бойы міндетті түрде бақыланады.
Шын мәнінде, банкроттық дегеніміз адамның алдағы үш–бес жыл ішінде елдің қаржы жүйесінен айырылу екенін түсіну керек.
Мәселе адамның несие ала алмайтындығында ғана емес, бұл, шын мәнінде, өте қатаң шектеу. Банкрот болған адамның үш жыл бойы қасақана немесе жалған банкрот еместігі тұрақты тексеріледі. Яғни банкрот болған адам мүлік сатып алатын болса, оның қайдан қаражат тапқаны туралы күмән туындайды (кредиторға да хабарланады). Бұдан бөлек кез келген банк шоттары мен ақша аударымдары бақыланып отырады. Бірақ бүгінде біздің бүкіл өміріміз дерлік төлем карталары мен интернет-банкингпен байланысты.
Сарапшылар пікірі
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов банкроттықты «черная метка», яғни «қара дақ» деп айтқаны белгілі. Ол ел азаматтарын өздерін «банкрот» деп жариялауда асықпауға шақырған болатын. Оның пікірінше азаматтарымыз бірден банкроттыққа асықпай, мейлінше төлем қабілетін қалпына келтіруді ойлағаны жөн деген ескерту айтқан еді.
Осы орайда дәл осы шектеулерге қатысты Finprom.kz сарапшылары төмендегідей талдау ұсынған еді.
«Мәселе, ол азаматтың алдағы уақытта қарыз ала алмауында емес, бірақ бұл да айтарлықтай ауыр шектеу. Банкрот деп жарияланған азаматтың іс-әрекетінен үш жыл бойына тұрақты негізде жалған банкроттық сипаттары тексеріліп, анықталатын болады. Бұл дегеніміз – банкрот деп жарияланған азамат сатып алған кез келген актив жіті бақылауға алынып, банкрот адам қаражатты қайдан алды деген сұрақ туындайды деген сөз (қарыз беруші де бірден хабардар етіледі). Әңгіме кез келген банктік шотқа, жалпы, қандай да бір қаржылық қадамға қатысты екенін түсіну керек. Ал бүгін біздің барлық өміріміз төлем карталары мен интернет-банкингке байлаулы», – дейді Finprom.kz сарапшылары.
Аталған агенттіктің сараптауынша осы заңды қолданған азаматтарымыз жоғарыда көрсетілген жағдайдан да бөлек, қиындықтарға душар болады. Мәселен, белгілі мерзімге дейін шет елге шығуға шектеу қойылуымен қатар виза алу кезінде де жайсыз жағдайлармен бетпе-бет келеді.
«Банкроттық үшін сотқа жүгінген азамат банкроттық процедурасы жүріп жатқан тұста сот шешімі шыққанға дейін жарты жыл бойы елден шығуына болмайды. Сонымен қатар виза алатын азамат өзінің төлем қабілетін растайтын құжат қажет деген талап бар. Мысалы шенген визасын алғысы келген адамның есепшотында күніне 65 еуро деңгейінде қаржысы болуы керек. Ал тақырға отырдым деген адамда мұндай құжат қайдан болсын? Оның сыртында қаржылық мониторинг тағы бар», – деп ескертеді Finprom.kz сарапшылары.