Қаңтар айында еліміздегі мұнай өндірісі ОПЕК+ квотасынан асып түсті. Reuters агенттігінің есебіне сәйкес, Қазақстан 2024 жылдың қаңтарында тәулігіне 1,578 млн баррель мұнай өндірді.
Бұл 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 0,5%-ға артық және келісім квотасынан жоғары.
Бірінші тоқсанда Қазақстан үшін жетекші мұнай өндірушілер тобындағы «қара алтын» өндіруге келісілген нақты квота белгіленген. Көрсеткіш тәулігіне 1,468 млн баррельді құрайды.
Жалпы өткен айда шикі мұнай мен газ конденсатының өндірісі де 0,5%-ға өсіп, 7,8 млн тоннаны құрады.
Сарапшылар бұл қадамды еліміздің экономикалық даму қарқынын 5-6%-ға арттыру үшін жасалып отыр, деп есептейді. Алайда квотаны сақтамау алдағы ұйым министрлерінің кездесулеріне қалай ықпал етері белгісіз.
ОПЕК+ бұл ОПЕК-ке кірмейтін, бірақ осы ұйыммен және мұнай өндіру мен экспорттаудағы кейбір мәселелерде өзара әрекеттесетін мемлекеттер қауымдастығы. Оның құрамына 11 ел кіреді. Атап айтқанда, Қазақстан, Әзербайжан, Бахрейн, Бруней, Бразилия, Малайзия, Мексика, Оман, Ресей, Судан, Оңтүстік Судан.
Еске сала кетсек, былтыр мамырда ОПЕК + елдерінің бір бөлігі мұнай өндіруді ерікті түрде төмендете бастады.
Ал тамызда Қазақстан мұнай өндіру бойынша ұйым квотасын орындай алмады.
Қазақстан 2024 жылдан бастап мұнай өндіруді қысқартуға келісті. Бұл жөнінде 30 қарашада ұйымға мүше елдердің министрлерінің кездесуінен кейін, Қазақстан энергетика министрлігі хабарлады.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда мұнай өндірісінің көлемі тәулігіне 1468 мың баррельге дейін азаюы мүмкін. Қазіргі таңда министрлік ірі мұнай өндіруші компаниялардың акционерлерімен мұнай өндіруді қысқарту туралы келіссөздерді бастады. Әр тараппен қысқартудың қолайлы нұсқалары мен көлемі қарастырылып жатыр.
Еске сала кетсек, ОПЕК+ пен ОПЕК-ке мүше емес бірқатар елдер мұнай өндіруді тәулігіне 2 миллион баррельге қысқарту туралы алдын ала келісімге келген. Алайда ОПЕК-тің мұнай көлемін қысқартуға келіскеніне қарамастан, Brent және WTI маркалы мұнай бағасы құлдырап кетті. Сәрсенбідегі саудада Brent бағасы барреліне 75,63 долларға, WTI бағасы барреліне 70,74 долларға дейін төмендеді.