Жыл соңына қарай инфляция 8,8 пайызды құрауы мүмкін – Қаржыгерлер қауымдастығы

Жарияланды
Шығарушы редактор
инфляция жыл
Инфляция жыл соңына қарай 8,8 пайызды құрай ма? Фото: kursiv.media

Қаржы нарығының сарапшылары жыл соңына қарай инфляция 8,8%-ға дейін төмендеп, базалық мөлшерлеме 12,5%-ды құрайды деген пікірде. Нарық өкілдері мұндай болжамды Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнама барысында айтқан.

Қазақстандағы инфляцияның бәсеңдеуі Ұлттық Банктің алдағы отырыста базалық мөлшерлемені тағы да төмендетуіне мүмкіндік береді. Сауалнамаға қатысқан сарапшылардың 83%-ы базалық мөлшерлеме төмендейді деген. Олардың басым бөлігі (67%) базалық мөлшерлеме 25 б.п. кеміп, 15% деңгейінде қалыптасады деген ойда. Ал қалғандары Ұлтттық банк бірден 50 базистік тармаққа төмендетіп, мөлшерлеме 14,75%-ды құрайды деп пайымдайды.

Сыртқы жағдайдың жақсаруы мен инфляцияға қарсы жүргізіліп жатқан саясат сарапшылардың инфляциялық болжамының айтарлықтай жақсаруына ықпал етті. Жыл соңында жылдық базалық мөлшерлеме 12,5% болса, инфляция 8,8%-ды құрауы мүмкін. Ресми мәлімет бойынша, қазіргі кезде жылдық инфляция 9,5% деңгейінде қалыптасқан.

Сарапшылардың болжамы бойынша, наурыздың басында доллар бағамы 455 теңгені құрайды. Бұған дейінгі болжамда қаржыгерлер 1 доллар 457 теңгеден саудалануы мүмкін деген. АҚШ валютасының аздап әлсіреуіне алдағы салық кезеңі әсер етпек.

Дегенмен, қаржы нарығының өкілдері биыл доллар қайта қымбаттап, ұлттық валюта құнсыздануы мүмкін дейді. Өйткені қазір нарықта мұнай бағасы құбылып тұр. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі салдарынан теңгедегі құралдардың тартымдылығы төмендейді. Сондай-ақ импорт пен сыртқы қарыз бойынша төлем көлемінің артуы теңге бағамына кері ықпал етеді.

Сауалнамаға қатысқандар биыл жыл соңына мұнай бағасы арзандайды деген пікірде. Қаңтарда 1 баррелі 85,4 долардан саудаланған Brent маркалы мұнайдың бағасы жыл соңында 83,9 долларды құруы мүмкін. Сарапашылар АҚШ пен Қытай тарапынан сұраныстың төмендеуіне байланысты, мұнай нарығында профицит қалыптасады дейді.

Егер мұнай бағасы жоғары болса және қаржылық жағдайдың жақсаруы Қазақстан экономикасының өсімін 4,3%-ға деңгейінде қамтамасыз ете алады.

Ел үкіметі 2024 жылдың аяғында экономикалық өсім кемінде 5,3% құрайды деген. Биыл инфляцияны 6-8% деңгейінде ұстау міндеті қойылған. 

Еуразиялық даму банкі Қазақстан экономикасы 5% өсім береді десе, AERC 4,6% көтеріледі деп болжаған.

Сондай-ақ оқыңыз