Қазақстандықтардың картамен төлеген сомасы ЖІӨ-ден әлдеқайда көп

Жарияланды
Қазақстандықтар картамен төлеген сома ЖІӨ-не әлдеқайда көп / shutterstock

2023 жылы елімізде банк картасы арқылы жасалған транзакциялар көлемі 142 трлн теңгені құрап, алғаш рет ЖІӨ көрсеткішінен шамамен 20%-ға асып түскен.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы ақпаратына сүйенсек, өткен жылмен салыстырғанда өсім 39%-ды құрады.

Ел бойынша қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі бір жыл ішінде 82,5%-дан 86,2%-ға дейін өсті. Өңірлер бөлінісінде өсім көшбасшылары – Алматы (+9,9%), Түркістан (+9,5%) және Батыс Қазақстан (+5,4%) облыстары болды.

Қолма-қол ақшасыз операциялар әдістері ішінде интернеттегі транзакциялар (барлық қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің 83,0%) ең танымал. Содан кейін POS-терминал (10,9%) және QR (6,0%) арқылы төлем жасалады.

Бұған дейін Қаржы министрлігінде 2025 жылдан бастап жеке картамен ұзақ уақыт бойы айына 100-ден астам мобильді аударым болса, салық мәселелерін көтеретінін ескерткен болатын. Осыдан кейін азаматтар кәсіпкерлердің онлайн төлемдерді қабылдаудан бас тартуына шағымдана бастады. Сондықтан Мемлекеттік кірістер комитеті бұл жағдайда айыппұл туралы еске салуға мәжбүр болды. 

Қаржыгерлер қауымдастығы 2022 жылмен салыстырғанда елдегі айналымдағы дебиттік карталардың саны 18%, кредиттік карталардың саны 3,9% өскенін хабарлайды. 

Осыған дейін мобильді аударымдар үшін кімдердің салық төлемейтінін жазған едік.

«Бұл заң былтыр қабылданды. Кәсіпкерлік қызметтің сипаты бар мобильді аударымдарға салық салынуға тиіс. Туысқандар мен әріптестер арасындағы ақша аударымының кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ. Сондықтан мұндай аударымдарға салық салынбайды», – деді Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Ерұлан Жамаубаев.

Үкімет басшысының орынбасары басты мақсат жиі жасалатын ақша аударымдарын фискалдандыру екенін атап өтті.

«Біз арнайы карта, есепшот ашу қажет екенін айтып жүрміз. Осыны орындағаннан кейін қанша аударым жасайтыныңызды өзіңіз білесіз. Кәсіпкерліктің белгілі бір түрі бойынша тіркеліп, салық төлесеңіз болды. Көлеңкелі экономикада жүрген бизнесті осыған тартып жатырмыз», – деді Ерұлан Жамаубаев.


Журналистер кейде ата-аналар оқушылардың қажеттілігіне ақша жинағанда барлығы бір адамға аударым жасайтынын алға тартып, Қаржы министрінен: «Мұның теріс салдары болмай ма?», – деп сұрады.

«Мұндай жағдайға салық органдарының өкілдері араласпайды. Біз бұл бір реттік алым екенін білеміз. Мұндай алдымдар тәуекел туғызбайды. Тәуекел бизнесі бар адамдарда: дүкен иесінде, таксисте, базарда жеміс-жидек сататын адамда, яғни тікелей бизнеспен айналысатын азаматтарда пайда болуы мүмкін», – деп жауап берді тілшілерге Ерұлан Жамаубаев.

Бұған дейін Қаржы министрі 100-ден астам аударым жасайтын адамдар бақылауға алынатынын айтқан еді.

«Менің білуімше, мұндай адамдардың тізімі әлі түзіліп жатыр, екінші деңгейлі банктермен ақпарат алмасуды жолға қойып жатырмыз. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Мониторинг жасайық, қоғамды дүрліктірмейік, өйткені бұл 2025 жылға дейін жоспарланған жұмыс. Ешқандай тексеру болмайды, адамдарға, бизнеске ешқандай қысым жасалмайды», – деген болатын Ерұлан Жамаубаев.

Сондай-ақ 2025 жылға дейін мобильді аударымдар үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынбайтыны да айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз