Жаңалықтар

ҰҚК құрамында сектанттар бар қылмыстық топтың ізіне түсті

қылмыстық топтың
ҰҚК қылмыстық топтың ізіне түсті. Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция және Бас прокуратурамен бірігіп, деструктивті діни ағымды ұстанатын қылмыстық топтың жолын кеспек. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Арнайы оперция Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан облыс және Шымкент қаласында жүріп жатыр.

«2024 жылғы 17 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарымен бірлесіп және Бас прокуратураның үйлестіруімен Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында құрамында деструктивті діни ағымды ұстанушылар бар қылмыстық топтардың іс-қимылының жолын кесу бойынша операцияны бастады», – делінген хабарламада.

Операцияның мән-жайы туралы басқа мәлімет жоқ. Өткізілген іс-шараның нәтижесі жақын арада жариялануға тиіс.

Жақында Қарағанды облысының полицейлері кеншілер мен Абай облысы тұрғындарын бопсалап, теміржол станцияларын тонаумен айналысқан қылмыстық топ мүшелерін ұстаған болатын.

ҰҚК Оңтүстік Қазақстанда шет елден келген азамат жасамақ болған террорлық әрекеттің алдын алғанын хабарлаған. Комитет ақпаратына сәйкес, осыған ұқсас фактілер бойынша жалпы 19 адам ұсталған. Қазақстанның тағы 4 азаматы әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталыпты.

Сонымен қатар ҰҚК әлеуметтік желілерде таратылатын радикалды идеологияның, әсіресе, жастарға деструктивті әсер ету қаупі туралы ескертеді. Экстремистік мазмұндағы интернет-ресурстарына кіруден бас тарту сұралады. Ал ата-аналар балалардың радикалды әрі терроризмді насихаттайтын сайттарды оқуы қадағалануы керек.