Салық аз, қарыз көп: 2023 жылғы шоғырландырылған бюджет шығысы 27% өскен

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
бюджет шығысы
Бюджет шығысы неге өсті. Фото: kursiv.media

2019-2023 жылдар аралығында Қазақстанның шоғырландырылған бюджеті кірісінің өсімі шығысының өсімінен артта қалған. Сондықтан үкімет сырттан қарыз ( 5,5 триллион теңгеге дейін) және Ұлттық қордан қайта-қайта қаржы алуға мәжбүр болды.

2023 жылы Қазақстанның шоғырландырылған бюджетінің кіріс бөлігі жоғары тұтынушылық сұраныс пен квазимемлекеттік сектор дивиденді есебінен қалыптасты. Есесіне бюджет шығысы 1 жылда 27 пайыз өскен. Алдыңғы жылмен салыстырғанда шыққан шығын 6,1 трлн теңгеге артық. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының шолуында жазылған.

Бюджет кірісі қалай артты?

Былтыр мұнай бағасының 17 пайызға арзандауы Қазақстан экономикасының 5,1 пайыз өсімі, салық мөлшерлемесі мен шикізат өндірісі артуының оң әсерін біршама басып кетті.

Нәтижесінде 2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда ₸23,5 трлн салық жиналған. Негізінен ҚҚС бойынша (₸265 млрд) мен импорттық кедендік баж жоспары (₸142 млрд) асыра орындалған.

Алайда КТС (₸1,1 трлн), импорт бойынша ҚҚС (₸415 млрд), пайдалы қазбаларды өндіру салығы (₸209 млрд) және шикі мұнайға арналған ЕТП (₸118 млрд) жоспары орындалмағандықтан, 2023 жылға салық (₸25,8 трлн) бір жыл бұрынғы 117%-бен салыстырғанда, 91% ғана жиналған.

Былтыр бюджет кірісі салықтық емес түсімдер есебінен (₸1,9 трлн) толықты. Ол квазимемлекеттік сектор төлеген дивидендтің арқасында, 2022 жылмен салыстырғанда 3,2 есе өсті. 2023 жылы квазимемлекеттік сектор дивиденді 1,1 трлн теңгені құраған.

Қаржы министрлігінің есебінде ҚМГ акцияларын Ұлттық қорға сатудан түскен қаржы «дивиденд» ретінде көрсетілген.

Нәтижесіне 2023 жылы шоғырландырылған бюджет тапшылығы алдыңғы жылмен салыстырғанда (-₸0,8 триллион) шамалы өзгеріп, ₸0,6 триллионды құрады.

Бюджет кірісінің елеулі бөлігі Ұлттық қордан трансферттер мен сырттан алынған есебінен толықты. 2022 жылы қордан 4,6 трлн теңге алынса, былтыр 4 трлн теңге жұмсалды.

Бюджет шығысы неге өсті?

Былтыр шоғырландырылған бюджет шығысы 27% немесе 6,1 трлн теңгеге өсіп, ₸28,6 трлн-ға жетті. Бұл бюджеттің кіріс бөлігінен 12% немесе ₸3,1 трлн көп.

2023 жылы мемлекеттік қарызды өтеу және оған қызмет көрсетуге 1,3 трлн теңге жұмсалған.

Былтыр әлеуметтік салаға бөлінген қаржы көлемі артқан. Білімі беру саласына 2022 жылмен салыстырғанда 1,3 трлн теңге көп бөліген. Халықты әлеуметтік қорғауға жұмсалған қаржы да 788 трлн теңгеге өсті. Оған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (+₸612 млрд) шығыстарының артуын қосу керек.

Оның үстіне 2019 жылдан 2023 жылға дейін шоғырландырылған бюджет кірісінің өсімі шығын өсімінен артта қалды. Бұл өз кезегінде мемлекеттің сырттан алынатын қарызын көбейтіп жіберді.

2022 жылы Қазақстан 4,2 трл теңге қарыз алса, былтыр ол көрсеткіш 1,7 есе өсіп, 5,5 трлн теңгеге жеткен. Ұлттық қордан кейінгі 5 жылда алынған қаржы көлемі 20,9 трлн теңгеден асып кетті.

Сәйкесінше, кейінгі 5 жыл ішінде ШБ шығыстарының құрылымында қарызды өтеу мен оған қызмет көрсету үлесі 10%-дан 16%-ға дейін жеткен.

2024 жылы шоғырландырылған бюджет профициті 0,4 трлн теңгені құрайды деп болжанған. Бірақ сарапшылар бірқатар сын-қатер бар екенін атап өтеді. Оның арасында мұнай бағасының төмендеуі, Теңіздегі өндірісті кеңейтудің кешігуі, КҚК-мен мұнай тысамалдаудағы түйкілдер және геосаяси фактор бар. Бұның бәрі бюджет параметрлердің нашарлауына ықпал етуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз