Бас прокуратура «Майқайыңалтын» кенішінің санитариялық-қорғау аймағында орналасқан 206 учаскеге ғимарат салуға рұқсат берген әкімдік шешімінің заңдылығын тексеріп жатыр. Бұл жайлы Бас прокуратураның депутаттардың сауалына берген жауабында айтылған.
Прокуратураның хабарлауынша 2024 жылдың 4 қаңтарында екі адамнан көп адамның өліміне əкеп соққан тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактісі бойынша Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
«Тергеп-тексеру барысында кеніште құлау себептері туралы қорытынды беру жəне шахтада жұмыс жүргізу кезінде бұзушылықтарды анықтау үшін «Қарағандыгипрошахт» ЖШС-мен тау-кен-құрылыс жұмыстары саласындағы маман тартылған. Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер департаменті, Өнеркəсіптік қауіпсіздік департаменті, «Центрказнедра» РММ, Экология департаменті, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары тартылды. Қылмыстық іс бойынша бірқатар тергеу əрекеттері жүргізілуде, олардың қорытындысы бойынша кəсіпорынның жауапты тұлғаларының, сондай-ақ уəкілетті мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының əрекеттері мен əрекетсіздігіне құқықтық баға берілетін болады. Тергеу жалғасуда», – делінген жауапта.
Пррокуратура кəсіпорынның өнеркəсіптік алаңы 10 мыңға жуық тұрғыны бар Майқайың
кентінің жанында орналасқанын хабарлады. Павлодар облысы əкімдігінің 12.02.2013 жылғы №39/2 қаулысымен айқындалған шекарасы 500 метр. Ауданы 17 гектардан астам Санитариялық-қорғау аймағына 206 жер учаскесі кіретінін, оның ішінде 311 адам тұратын ғимараттарымен 103 учаске бар екенін анықтаған.
«Прокуратура органдары аталған учаскелер бойынша жергілікті атқарушы
органның əрбір актісінің заңдылығын зерделеуде. Анықтама ретінде: барлық архивтік материалдар, оның ішінде жер-кадастрлық істер талап етілді, өйткені көптеген құрылымдар жылжымайтын мүлікті заңдастыру бойынша заңдастырылған,
яғни құқықтары санитариялық-қорғау аймағы белгіленгенге дейін айқындалған», –делінген прокуратура жауабында.
Прокуратура мәліметінше 5 қаңтардан бастап, кəсіпорынның жерасты кенішіндегі жұмысы тоқтатылған. Штаттық режимде байыту фабрикасы, автокөлік цехы, əкімшілік-тұрмыстық корпус жəне басқа да қосалқы бөлімшелер жұмыс істеп жатыр.
Апат туралы
Еске сала кетсек, Мәжіліс отырысында депутаттар құзырлы орган басшыларына осы шахта жұмысы туралы сауал жолдап, құлаған жердің астына бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпегенін айтты. Тіпті үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келгені де айтылды. Ал, техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті зона ретінде оқшаулануы керек болған.
«Шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен дейді. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан», – деді депутат Жарқынбек Амантайұлы.
«Майқайың» кенішіндегі апат 4 қаңтарда болды. Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.
Кейін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ТЖД құтқарушылары құмнан 2 адамның мәйіті табылғанын жариялады.
5 қаңтарда кеніш аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адам әлі табылмағаны мәлімделді.
9 қаңтарда бұрынғы ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов «Майқайыңалтын» шахтасындағы құтқару жұмысы қашан аяқталатыны белгісіз екенін мәлімдеді.
15 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ бұрынғы жұмысшылары басшыларын айыптап, кеніштегі апатқа объективті тексеру жүргізуді талап етіп, мемлекеттік комиссия мүшелеріне ашық хат жолдады. Олар қайғылы оқиғаға комбинат басшысының салғырттығы себеп болғанын айтты.