Жаңалықтар

Қуандық Бишімбаевтың адвокаты экс-министр өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтты

Экс-министр Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайды / facebook: Қуандық Бишімбаев

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайы Салтанат Нүкенованың өлімін «жазатайым оқиға» деп санайды. Бұл туралы оның адвокаты Назкен Құсайынова Elmedia YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.

Құсайынованың айтуынша, Бишімбаев өзінің әйелін «аса қатыгездікпен өлтіргенін» мойындамайды.

«Қуандық Бишімбаев бұл жағдайды «жазатайым оқиға» деп есептейді. Ол «аса қатыгездікпен өлтірді» деген айыпқа келіспейді. Әлі болған жағдайға сенбейді. Осы күнге дейін Салтанатты жақсы көретінін білдіріп, ол туралы жақсы сөздер ғана айтып келеді. Ол неге бастапқы кезеңде куәлік бере алмады? Себебі қатты қайғырған. Алайда ол өзіне тағылған айыпты мойындамайды», – деді адвокат.

Қорғаушының айтуынша, Салтанат Нүкенова миына қан кеткеннен кейін қайтыс болған. 

«Тергеу кезінде айтылғандай, Салтанат ерекше қатыгездікпен ұрып, соғылмаған. Денесінде Қайрат Нүкенов (Салтанат Нүкенованың ағасы – ред.) айтқан зақым болған жоқ. Кейбір жарақаттар болды, көзінің асты көгеріп тұрды. Басы тесілмеген, бас сүйегі бүтін болды. Ол миына қан кетіп, гематомадан қайтыс болды»,– деді Құсайынова.

Адвокат Салтанат Нүкенованың созылмалы субдуральды гематомамен бір ай бойы зардап шеккенін айтады. Ол туралы Бишімбаев та, Нүкенованың өзі де білмеген болуы мүмкін екенін атап өтті.

«Қуандық Бишімбаев оның басында гематома пайда болғанын білмеді. Салтанат сау болған. Олар 8 қарашада кешкі тоғыздан бастап, бірге ұйықтағанға, яғни таңертеңге дейін сөйлескен. Бәрі жақсы болды. Олардың арасында кішкене жанжал болды. Төбелес болған жоқ. Бишімбаев бұл «жазатайым оқиға» дейді. Ол әлі күнге дейін Салтанаттың қайтыс болғанына сенбейді. Ол әлі күнге дейін қайғырып, жылап, өз-өзіне келе алмай жүр», — деп қорытындылады адвокат.

Ол тергеу барысы туралы ақпарат бере алмайтынын айтты. Алайда әлі күнге тергеушілердің Бишімбаевтан жауап алмағанын атап өтті.

Бишімбаев ісі

9 қарашада Астанада кісі өлтірді деген күдікпен ер адамның қамалғаны, оның бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев болуы мүмкін екені хабарланды.

10 қарашада экс-министрдің жұбайы Салтанат Нүкенова Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбековаға тиесілі «Bau» мейрамханасында қайтыс болғаны белгілі болды. 

Астана қаласының полиция департаменті «мейрамханадағы әйел өліміне» қатысты іс бойынша ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
13 қарашада Астана қалалық полиция департаменті Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты «Гастро орталық» басшысын қамауға алды. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

15 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды

Бишімбаев туралы не білеміз?

Айта кетейік, Бишімбаевты 2016 жылы Ұлттық экономика министрі қызметінен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі алып тастаған. Назарбаев Бишімбаевтың «бұрын «Бәйтерек» холдингінің басшысы болған кезде күмән тудыратын істермен айналысқаны» туралы айтқан. 2017 жылдың қаңтарында Бишімбаев холдинг директоры болғанда, Қызылорда қаласында салынуы тиіс әйнек зауытының құрылысы кезінде мердігер компаниядан ірі көлемде пара алды және «Бәйтерек» холдингінен ірі көлемде ақша жымқырған қылмыстық топ құрды деген айыппен ұсталған

Бишімбаев сотта барлық айыпты жоққа шығарып, бұл іске қатысты нақты дәлел жоқ екенін алға тартқан. Ол соттағы сөзінде «Назарбаевтың сенімді адамы» болып қала беретінін айтқан. 2018 жылдың наурызында сот экс-министрді 10 жылға бас бостандығынан айырған

2019 жылы қыркүйекте Шымкент қаласы Абай аудандық соты Бишімбаевтың мерзімінен бұрын босау туралы өтінішін қанағаттандырды. Сол жылы қарашада оның бостандыққа шыққаны белгілі болған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті шенеуніктің қамауда болған кезде «жақсы мінез-құлық» көрсетіп, сот тағайындаған «арыз-талапты өтегенін» хабарлаған