Банк пен қаржы

Үкімет Ұлттық қордан қаржы алуын қысқартса, балалардың қордан алатын ақшасы өседі

Үкімет Ұлттық қордан қаржы алуын қысқартса, балалардың қордан алатын ақшасы өседі / коллаж kursiv.media

Үкімет, министрліктер мен мемлекеттік холдингтер Ұлттық қордан ақша алуға сұранысты көбейтпесе, балаларға төленетін қаржы өсетін болады. Бұл туралы базалық мөлшерлемені өзгерту туралы баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Сүлейменов өзінің есебінде Brent маркалы мұнайдың бағасы алдағы екі жылда 80 доллар деп бағаланып, 2026 жылы 77 долларға төмендеуі мүмкін екенін айтты. Алайда ол мұнай бағасының төмендеуі Ұлттық қордан балаларға төленетін қаржыға әсер етпейтінін атап өтті.

«Ұлттық қор балаларға жобасын Үкіметпен бірге талқылап, іске қосқан кезде мұнай бағасына қатысты болжам жасап, осы сомманы (әр балаға 100 доллар) бекіткен болатынбыз. Сондықтан Ұлттық қорға қатысты және Ұлттық қордан балаларға жобасына қатысты параметрлер өзгермейді», – деді Ұлттық банк басшысы. 

Бұған қоса, Сүлейменов жобаға бөлінетін қаржы Ұлттық қорға түсетін қаржы көлемімен Ұлттық қор активтерін дұрыс басқаруға тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Егер Үкімет, министрліктер мен мемлекеттік холдингтерден Ұлттық қор ақшасын алуға сұраныс аз түсетін болса, (Ұлттық қордан балаларға – ред.) төлем мөлшері де көп болады», – деді Сүлейменов.

Айта кетейік, 2023 жылы 16 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан балаларға қаржы төлеу туралы заңға қол қойған.

Яғни 2024 жылы 1 қаңтарда Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады. Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық табысының 50%-ы арнайы шотқа жіберіледі. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады. Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жобаға қатысуға 9 банк өтініш бергенін айтты. Олардың барлығы арқылы ақша алу мүмкіндігі болатынын айтқан еді. 

«БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов қордағы қаражат доллармен сақталатынын және балаларға доллармен берілетінін айтты.

Жобаны президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. 18 қарашада парламент заңды қабылдап, президентке жіберген. 2024 жылы 18 жасқа толатын балалар қорға жиналған қаржыны 1 ақпаннан кейін ала алады.  

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясындағы алғашқы ақша балалардың шотына 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап түседі. Бұл жайлы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты.

Ал ҰЭМ басшысы өмірден өткен балалардың жинағы ата-анасында қалатынын немесе өзге балаларына бөлінетінін жеткізді.