Жаңалықтар

Қазақстанға Starlink жабдығының алғашқы партиясы келді

Оборудование Starlink прибыло в Казахстан
Starlink жабдығының алғашқы партиясы келді/Фото: Аскар Ахметуллин

Қазақстанға Starlink жабдығының алғашқы партиясы келді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, әзірге Starlink жабдығының Қазақстанға 500 данасы әкелінген.

«Алматыға жабдықты қабылдау барысын арнайы тексеру үшін келдім. Келесі аптада Түркістан және Ақмола облыстарындағы Starlink орнатуға толық дайын мектептерге жабдықтарды жеткізу басталады. Аталған облыстардың әкімдіктері барлық дайындық жұмысын жақсы жүргізді.Қалған өңірлерге 10 күннен кейін келетін келесі кезекте жеткізіледі», – деп жазды министр.

Оның айтуынша, барлығы 20 күн ішінде 2000 жинақ келеді. Олар елдегі 2000 шалғайдағы ауыл мектебін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Бағдат Мусин бұл мемлекет басшысының шешімінің арқасында жүзеге асып жатқанын атап өтті.

Еске сала кетсек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазан айында Илон Масктің SpaceX компаниясы Қазақстанның екі мыңға жуық ауылының мектептерін интернетпен қамтамасыз ететінін хабарлады.

«Біз осы уақытқа дейін байланыс операторларының ауылдарға жетуін күттік. Біз оларды олай да, бұлай да үгіттедік. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Ақырында SpaceX-ке жүгінуге тура келді. Бүгін біз Лоренмен (SpaceX-тің вице-президенті Лорен Дрейер) бірге президентке жағдайды баяндадық. Солайша интернетпен нақты проблема болған шалғай ауылдарға, спутниктік антенналар арқылы секундына 4 мегабит интернет алып жүрген екі мың мектептің қажеттілігін Starlink-пен бірге жарты жылда жабамыз деп жоспарлап отырмыз», – деді Мусин Астанада өткен Digital Bridge 2023 форумында.

Министр бұл орайда шетел көмегіне жүгінуге тура келгені үшін көпшіліктен кешірім сұрады.

«Мұндай жағдай болғаны үшін кешірім сұраймын. Кейде мен өз проблемаларымызды ел ішінде өзіміз шеше алатынымызға сенгім келеді, бірақ SpaceX сияқты дамыған технология тұрғанда, оларды қолданбау күнә болар еді», – деп қосты министр.

Министр  Қазақстан үкіметінің Starlink интернет байланынысына қанша ақша жұмсайтыны туралы айтқан болатын.

«Сіз интернет байланысының құны туралы айтқанда, бірінші кезекте мектептердің қазіргі уақытта секундына 4 МБ интернетке қанша қаражат жұмсайтынын сұрағаныңыз жөн. Қазіргі мектептер жұмсап жүрген қаражат шығындары Starlink-тің техникалық қызметіне және осы қызметті мектеп оқушыларына жеткізуге жұмсайтын сомаға тең. Біз мұнда 100-ден аспайтын оқушысы бар шағын мектептер туралы айтып отырмыз»,  – деді ол.

Ал нақты қанша қаражат жұмсалатынын, келіссөздер жүргізіліп жатқаны себепті нақты айта алмады. Ол үшін әлі ерте екенін айтты.

Айта кетейік, былтыр Илон Маск өзінің Х желісінде Starlink спутниктік желілерінің шығынсыз жұмыс істей бастағанын хабарлады.

Америкалық SpaceX компаниясының Starlink жаһандық спутниктік желісі ғарышқа алғашқы спутниктерді ұшырғаннан кейін төрт жыл өткен соң, шығынсыз жұмыс істей бастаған.

«Мен Starlink-тің шығынсыз жұмыс істей бастағанына қол жеткізгенін қуана хабарлаймын. Керемет команданың тамаша жұмысы», – деп жазды ол.

Starlink желісі 5G стандартына сәйкес келетін секундына 1 гигабит трафик жылдамдығымен ғаламшардың кез келген нүктесінен Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған. Жердің төмен орбитасында (Жер бетінен 550 км-ге дейін) 5 мыңнан астам осындай құрылғылар бар. Бұл барлық белсенді жерсеріктердің жалпы санының жартысын құрайды. Әрбір құрылғы үш жарым жыл жұмыс істеуге арналған.