Qarmet басшылары іс-сапармен Қытайға барып, әлемдегі ең ірі болат өндіретін Baowu Steel компаниясының басшыларымен кездескен. Нәтижесінде компания Qarmet комбинатын өз тәжірибесі бойынша дамыту жолдарын ұсынған. Бұл жайлы Qarmet-тің баспасөз қызметі хабарлады.
«Шанхай қаласында Qarmet компаниясының әлемдегі ең ірі болат шығарушы Baowu Steel Group Corporation Limited компаниясымен жұмыс кездесуі өтті», – делінген баспасөз хабарламасында.
Талқыланған мәселелер
Келіссөздер барысында қытайлық компанияның үздік тәжірибелері негізінде Qarmet комбинаты өндірісін жаңғырту мәселелері талқыланған. Сонымен бірге комбинаттың перспективалық жобаларын және кәсіпорынның даму бағыттарын қайта құру жоспарлары таныстырылған.
Екі тарап талқыланған тақырыптардың ішінде экология, қалдықтарды қайта өңдеу, кокс батареяларын салу және компанияның байыту фабрикаларын дамыту мәселелері де қозғалған.
Baowu Steel компаниясы қоршаған ортаны жақсарту жөніндегі бастамаларды толығымен қолдайтынын және даму бағытында ұқсастығы бар қытай корпорациясы қазақстандық комбинаттың қазіргі міндеттерін шешуде өз тәжірибесін ұсынуға дайын екенін жеткізген.
Қытайлық Baowu Steel компаниясы
Baowu Steel компаниясы Fortune Global 500 халықаралық тізімінде 44-ші орында тұрған әлемдегі ең ірі болат құятын кәсіпорын саналады. Қытайлық Baowu тобы ең ірі болат өндіруші ретіндегі позициясын 2022 жылы нығайтып, 2023 жылы әлемдегі ең ірі болат өндіретін компаниялар тізімінде бірінші орынға шыққан. Бұл орайда Қытай компаниясы Люксембургте тіркелген ArcelorMittal болат корпорациясына бірнеше жыл қатарынан бірінші орынды бермей келеді. Мәселен, 2022 жылы болат құятын ірі компаниялар тізімі жасалған. Сонда Baowu Group болат өндіру көлемінен бірінші орынды иеленген. Ол жылы компания 131,84 млн тонна болат құйған. Ал ArcelorMittal сол жылы 68,9 млн тонна болат өндіріп, екінші орынға жайғасқан.
ArcelorMittal Temirtau компаниясы
Еске сала кетсек, ArcelorMittal Temirtau компаниясында болған ірі апат салдарынан тамызда – 11 адам қайтыс болды. Ал қазанда – 46 кенші қаза тапты. Бұған дейін министр Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Қазақстанда жұмысын жалғастыруы үшін инвесторын ауыстыру шарт емес екенін айтқан. Қайғылы оқиға болған күні «АресорМиттал Теміртаудың» меншік құқығы заңды негізде Қазақстанға берілетінін мәлімдеді. Ал президент «ArcelorMittal» инвесторын ел тарихындағы «нашар инвесторға» балап, бұл компаниямен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Жаңа инвестор Qarmet кәсіпорнының қызметін тұрақтандыруға 28,6 млрд теңге жеке инвестиция тартты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды металлургиялық комбинатының жаңа иесіне қатаң талап қойылатынын мәлімдеді.