Депутаттар «Отбасы банкіндегі» несие шарттарын қайта қарауды ұсынды

Жарияланды
Депутаттар «Отбасы банкіндегі» несие шарттарын сынға алды / Коллаж: kursiv.media

Қазақстан халықтық партиясының депутаттары «Отбасы банкінің» ипотекалық несиенің барлық сомасына пайыз есептеу әділетсіздік деп санайды. Олар Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында бұл механизмді қайта қарауды ұсынды.

Депутат Ислам Сұңқар «Отбасы банкінде» ипотека алған азаматтар қаржы ұйымында сол соманың жартысын жинайтынын айтады. Кейінірек банк клиентке қалған бөлігін береді. Бұл ретте тұрғын үйдің барлық құнына пайыз жүреді. Яғни адамның өз қаражаты есебінен де, берілген сомаға да есептеледі.

«Мысалы, клиент 10 миллион әкелсе, банк оған 10 миллион береді, ал сыйақы мөлшерлемесі 20 миллион теңгеге есептеледі. Адамға өз ақшасын пайызбен беру және бұл үшін қосымша банк комиссиясын алу қаншалықты әділетті? Салымшылардың наразылығына банк бұл ақша депозитте жатыр, оған пайыздық мөлшерлеме және мемлекет сыйлықақысы да бар деген жауаптар береді. Бірақ бұл жай ғана қаржылық айла деп есептейміз. Өйткені депозит мөлшерлемесі небәрі 2 пайызды құрайды. Мемлекет сыйлықақысы шектеулі сомаға, яғни 200 АЕК беріледі», – деп түсіндірді Ислам Сұңқар.

Депутат 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Отбасы банкі» барлық банк арасында ең көп кіріс – 107,5 млрд теңге алғанын атап өтті.

«Екінші сұрақ туындайды: ақшаны кім табады, халық па әлде банк пе? Осының негізінде тұрғын үй құнының барлық сомасына банктік сыйақы есептеуді қайта қарауды ұсынамыз», – деп түйіндеді сөзін Ислам Сұңқар.

Сонымен қатар ХДП депутаттары ислам ипотекасын беретін банктерге тұрғын үй несиесін беруге мүмкіндік туғызуды сұрады. Бұған қоса оларды реттеудің нақты ережелерімен елімізде несие және тұрғын үй құрылыс жинақ кооперативтерін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр.

Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігі дерегінше, «Отбасы банкі» коммерциялық ипотекалық кредиттеу нарығына кіріп, одан жеке қаржы құрылымдарын ығыстырған. Бұл туралы Агенттік әзірлеген 2022 жылдың қорытынды есебінде айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз