Енді мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылығы үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып жұмыстан шыққан судьялар мемлекеттік қызметтен толықтай шеттетілмейді. Олар мемлекеттік қызметтен екі жылға ғана шектеледі. Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Оған себеп – Конституциялық Сот «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметтен босатылған азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруіне шексіз тыйым салуды белгілеу бөлігін Конституцияға сәйкес емес деп таныған.
Бұл орайда Конституциялық Сот заңда мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы құқық бұзушылықтар үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шараларынан туындайтын құқықтық шектеулердің сай келмейтінін атап көрсеткен.
«Теріс қылықтары үшін қызметінен босатылған судьяларды мемлекеттік қызметке қабылдауға қатысты мәселеге тоқталғым келеді. Соңғы 5 жылда 40 судья сот жүйесінен теріс себептермен жұмыстан босатылған. Олар сот этикасына қайшы келетін немесе сот төрелегін жүзеге асыру кезінде заңды өрсекел бұзған, өз атына нұқсан келітретін әрекеттер жасаған. Әзірленген заңға сәйкес, мұндай судьялардың құқық орғау органдарында жұмыс істеуіне мүмкіндік беріле ме?», – деп сұрады депутат Үнзила Шапақ.
Прокуратура өкілі мұндай судьялардың құқық қорғау органдарына кіре алмайтынын, өйткені оның екі жыл бұрынғы теріс қылықтарын екінші рет қайталамайтынына ешкім кепілдік бере алмайтынын айтты. Яғни судьялар құзырлы мемлекеттік органдарға жұмысқа кіре алмауы мүмкін.
Осы орайда депутат Бақытжан Базарбек кәсіптік жарамсыздығы мен тәртіптік теріс қылықтары үшін жұмыстан шеттетілген судьяларды мелекеттік қызметке қабылдаудың орындылығын сұрады.
«Не себепті біз кәсіптік жарамсыздығы мен тәртіптік теріс қылықтары үшін жұмыстан шеттетілген судьяларды мемлекеттік қызметке қабылдауымыз керек? Бұл қоғамда түсініспеушілік тудырмай ма?», – деп сұрады.
Баяндама оқыған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбаев олардың конституциялық құқы бар екенін айтты. Яғни Конституциялық Сот кәсіби жарамсыздығына байланысты атқаратын лауазымына сәйкес келмейді деген теріс себеппен өкілеттігін тоқтатқан судья өзге де салаларда, соның ішінде мемлекеттік қызметте еңбек ету бостандығына конституциялық құқығын іске асыра алады. Десе де бұл мәселені екінші оқылымға дейін талқылап, дұрыс шешім шығаруға болатынын айтты.
Мәжілісте тағы қандай мәселе талқыланды?
Сонымен бірге Мәжілісте ғалымдарға атағына қарай жалақысына 185 мың теңгеге дейін үстемақы қосылуын қамтамасыз ететін заң жобасы қаралды. Өзгерістерге сәйкес, PhD докторы, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңге үстемақы алады. Доцент ғылыми атағы үшін тағы 30 мың үстемақы алмақ. Яғни ғалымдар жалпы 92 мың теңгені ай сайынғы жалақысына қосымша үстемақы ретінде алып отырады. Егер ғалым ғылым докторы ретінде 125 мың теңге көлемінде үстемақы алып жүрген болса, заң қабылданған соң, профессор атағы үшін тағы 60 мың теңге алады. Сонда жалпы алғанда 185 мың теңге көлемінде жалақысының үстіне қосымша ақы алмақ. Сонддай-ақ ғалымдарға ғылыммен айналысуына, ғылыми монографиялар жазып, зерттеулер жүргізуіне мүмкіндік беру үшін 1 жыл демалыс беру мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл заң жобасын да мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады.
Сонымен бірге депутаттар Қазақстан мен Өзбекстан тауар айналымын арттыруға жағдай жасайтын Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялады. Құжат – қазақ-өзбек қатынасын өзара іс-қимыл мен екіжақты ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеруге, екі мемлекеттің тәуелсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын және тұрақты экономикалық дамуын одан әрі нығайтуға жәрдемдеседі.
Сонымен бірге көптен бері талқыланып келген әйелдер мен балалар құқын қорғайтын заңды екінші оқылымда мақұлдады.