Банк пен қаржы

Жеке тұлға банкроттығына өтініш беру тәртібі қалай өзгереді?

жеке
Жеке тұлғалар банкроттығына өзгеріс енгізілмек. Фото: kursiv.media/

«Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы заң күшінеенгелі 10 мыңға жуық адам банкрот деп танылған Олардың қарызының сомасы 19,8 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

10 мың қазақстандықтың жартысынан астамы 5 жылдан бері берешегін өтей алмай жүргендіктен, банкрот деп танылған.

Бұған дейін «Курсив» депутаттар заңға соттан тыс банкроттық туралы арыз беру және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібін жеңілдететін түзетулерді талқылап жатқанын жазған. Мемлекеттік кірістер комитеті түзетулерді биыл енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Олардың қатарында:

  • лицензиясынан айырылған, тарату барысындағы қаржы ұйымдарын, арнайы қаржы компанияларын соттан тыс банкроттық рәсімінің кредиторлары тізіміне қосу;
  • қарыз бойынша өтеу болып есептелетін төлемнің ең минималды  көлемін бекіту (1 АЕК);
  • соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке құжатарды қоса ұсыну міндетінен борышкерді босату;
  • төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін негіздерден 12 ай бойы өтеудің жоқтығы туралы талапты алып тастау;
  • төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің елден шығуына тыйымды алып тастау бар.

Қазіргі кезде 95 борышкерге қатысты сот банкроттық рәсімі қолданылған. Ал, 4 азаматқа қатысты төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі жүргізілген. Барлығы 2 мыңға жуық адам сотқа жүгінген.

Жеке тұлға банкроттығының мәні

2022 жылы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойылды. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды. 3 наурыздан аталған Заң бойынша банкроттық туралы өтініш қабылдау басталды. Соттан тыс банкроттық туралы алғашқы өтініш 29 наурызда мақұлданды.

Заңда 3 түрлі рәсім көзделген.

Соттан тыс та, сот арқылы банкрот деп тану да – ұзақ уақытты талап ететін процедура. Банкрот деп тану процесі 6 айдан бастап одан да ұзақ мерзімге созылуы мүмкін.

«Бірінші жағдайда процедура  банктерге, ШҚҰ, коллекторларға 1600 АЕК – 5,5 млн теңгеден аспайтын мөлшерде қарыз болған, қарызы бойынша төлемді бір жылдан аса уақыт төлемеген және мүлкі жоқ борышкерлерге арналған. Сот тәртібінде бүкіл несие мен қарызын бір жылдан артық төлемеген, ал қарыз сомасы 5,5 млн теңгеден асқан кезде банкрот деп таниды. Екі механизм үшін де қарыз алушы мен несие беруші бұған дейін мәмілеге келуге тырысқаны маңызды», – делінген хабарламада.

Егер борышкердің жалғыз баспанасы кепілге қойылған болса, онда қарыз беруші оны тәркілеп, қарыздарын жабу үшін сатуға құқылы екенін білген маңызды. Егер жалғыз баспанасы кепілге алынбаған болса, несие беруші оған көз сала алмайды.

Өзін банкрот деп жариялағысы келетіндер Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, электронды үкімет порталы сондай-ақ «e-Salyq Azamat» немесе «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады.

Сонымен қатар 1414 нөміріне телефон шалып, немесе https://t.me/SalyqBot Telegram чат-ботына сұрақтар қоюға болады.

Банкроттыққа өтініш берген соң, соттан тыс банкроттық туралы шешім шыққан-шықпағанын тексеруге болады. Ол үшін tazalau.qoldau.kz сайтына кіріп, өз ЖСН мен аты-жөніңді енгізу керек.

Айта кету керек, соттан тыс банкроттық рәсімі тегін жүргізіледі.