Қатар инвесторына сатылатын Bereke bank директорлар кеңесінің құрамы өзгерді

Жарияланды
Шығарушы редактор
Bereke bank директорлар кеңесінің құрамына кім кірді? Фото: kursiv.media

Қатар инвесторына сатылатын Bereke bank-тің директорлар кеңесі құрамы өзгерді. Жалғыз акционер – «Бәйтерек» ҰБХ шешімімен Директорлар кеңесінің мүшесі болып Вячеслав Сон сайланды. Ол осыдан бір ай бұрын ғана келген Ботагөз Әбішеваның орнына тағайындалды. Бұл туралы қаржы ұйымының қор биржасына жіберген хабарламасында жазылған.

Қазір банктің директорлар кеңесі 7 адамнан тұрады. Директорлар кеңесінің төрағасы – Мақсат Нұриденұлы. Одан бөлек, Вячеслав Сон, Асқар Елемесов, Мағжан Мәдиев, Әнуар Сәйденов, Андрей Тимченко және Ерсайын Хамитов бар.

Директорлар кеңесінің құрамын өзгерту туралы шешімді «Бәйтерек» ҰБХ 26 ақпанда қабылдаған. Вячеслав Сон «Береке» банкінің жалғыз акционерінің өкілі болады. Банк басшысы Андрей Тимченко Сонның кандидатурасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісуі керек.

Вячеслав Сон 1982 жылы дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң университетін, Заманауи гуманитарлық институтын және Лондон университетін бітірген. Құқық магистрі дәрежесі бар. Осы жылдар ішінде «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» АҚ құрылымдарында, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын қамтамасыз етумен айналысатын компанияда, «Қазспецэкспорт» компаниясында басшылық қызметтерді атқарған. Вячеслав Сон былтыр қараша айында «Бәйтерек» басшысының орынбасары болып тағайындалды.

Бұған дейін Bereke Bank директорлар кеңесінің құрамынан Ғалым Құсайынов шығарылған.

Қатар инвест банкі Lesha Bank 2024 жылғы 14 ақпанда «Бәйтерек» холдингімен сатып алу туралы алдын ала келісім жасасқан.

Инвестор Bereke Bank-тің бүкіл акционерлік капиталын сатып алатыны белгілі. Сондай-ақ мәміле тараптардың болашақта жасалатын түпкілікті келісім шарттарын сәтті келісуіне байланысты.

Енді Fitch Ratings агенттігі Bereke bank-тің рейтингін төмендетпек. Оған себеп – Bereke bank-тің қатарлық инвестор – Lesha Bank-ке сатылуы.

Агенттік сарапшылар өз шешімін банк қатарлық инвесторға сатылған соң, мемлекет қолдауынан айырылады деп түсіндіреді. Bereke Bank-тің шетелдік және жергілікті валюталардағы ұзақ мерзімді эмитенттік дефолт рейтингін агенттік ВВ «Жағымсыз» тізіміне орналастырған.

Ұлттық банк мәліметі бойынша, бұл банк 1,5 триллион теңге активімен ЕДБ арасында тоғызыншы орында тұр. 1,4 трлн теңгесі – міндеттемелер. Меншікті капитал 131,4 млрд теңгені құрайды. 

Сондай-ақ оқыңыз