Жаңалықтар

Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндірісін қысқартуды жалғастырады

ОПЕК+ келісімі
ОПЕК+ келісімі бойынша Қазақстан биыл мұнай өндіруді тәулігіне 82 мың баррельге қысқартады / Фото: kursiv.media

Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндірісін қысқартуды жалғастырады. Биыл мұнай көлемін күніне 82 мың баррельге қысқарту жоспарланып отыр. Бұл жайлы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан ОПЕК+ елдерімен үйлесе отырып, 2024 жылдың екінші тоқсанына өндірісті күніне 82 мың баррельге қосымша ерікті қысқарту мерзімін ұзартады», делінген министрлік хабарламасында.

Егер осы көлемді қысқартатын болса, Қазақстан 2024 жылдың маусым айының соңына дейін тәулігіне 1,468 млн баррель мұнай өндіретін болады. Болашақта нарықтың тұрақтылығын сақтау мақсатында өндірістің бұл қосымша көлемі нарықтық жағдайға байланысты біртіндеп қайта қалпына келтіріледі.

Мұнай өндірісі көлемін ерікті қысқарту туралы Қазақстан 2023 жылдың сәуірінде жариялаған. Ол кезде 2024 жылдың желтоқсан айының соңына дейін созылатын өндірісті күніне 78 мың баррельге өз еркімен қысқаратыны айтылған. Ал қазіргі қысқартулар соған қосымша ретінде қарастырылғанын хабарлайлды баспасөз қызметі.

«Бұл қосымша ерікті қысқарту мұнай нарықтарының тұрақтылығы мен тепе-теңдігін сақтау мақсатында ОПЕК+ елдерінің сақтық шараларын күшейтуге арналған», – делінген хабарламада.

Қазақстан 2024 жылдан бастап мұнай өндірісін тәулігіне 82 мың баррельге қысқартатынын өткен жылдың аяғында хабарлаған. Өткен жылдың 30 қарашасында Энергетика министрлігі ОПЕК+ мүше елдердің министрлерінің кездесуіне қатысқан. Сонда мұнай өндірісін қысқартуды жалғастыратынын мәлімдеді. Министрліктің ірі мұнай өндіруші компаниялардың акционерлерімен мұнай өндіруді қысқарту туралы келіссөздерді бастағаны, әр тараппен қысқартудың қолайлы нұсқалары мен көлемі қарастырылып жатқаны айтылған болатын.

Негізінен, өткен жылы ОПЕК келісімі бойынша Сауд Арабиясы, Ресей және басқа ОПЕК+ мүшелері жалпы мұнай өндіруді шамамен 5 миллион баррельге қысқартуға уәде берді.

Ал ОПЕК-ке кірмейтін елдердің ішінде Қазақстан өндірісті тәулігіне 78 мың баррельге, Оман – 40 мың баррельге қысқартпақ. ОПЕК елдерінен: БАӘ – тәулігіне 144 мың баррель, Кувейт – 128 мың баррель, Ирак – 211 мың баррель, Алжир – 48 мың баррельге қысқартқан.