Арнайы экономикалық аймақтарға көп қаржы құйған инвесторлар жер сатып алу құқына ие болады – ҰЭМ

Жарияланды (жаңартылды )
Арнайы экономикалық аймақтарға көп инвестиция тартқан сайын, көп жеңілдіктер беріледі /Фото: kursiv.media

2024 жылы жоспар бойынша негізгі капиталға 22,1 трлн теңге инвестиция тартылады. Бұл жайлы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

«Үкімет алдына инвестициялар тарту бойынша үлкен міндеттер қойылды. 2024 жылы жоспар бойынша негізгі капиталға 22,1 трлн теңге инвестицияланады, бұл өткен жылдың қорытындысынан 22%-ға артық. Инвестициялық жобалардың Бірыңғай пулы аясында осы жылдың 2,3 трлн теңге сомаға 234 жобаны іске асыру жоспарланған. Өңірлердің әрбір әкімі мен салалық мемлекеттік органдардың министріне KPI бекітілген. Инвестициялық штаб шеңберінде инвесторлардың мәселелерін жедел реттеу бойынша шаралар қабылдануда», – деді министр.

Инвесторларға арнайы экономикалық аймақтан жер сатып алу құқы беріледі

Байбазаров сонымен бірге инвесторларды Арнайы экономикалық аймақтарға (АЭА) тарту мәселесі пысықталып жатқанын айтты. Мұндай аймақтарда жұмыс жүргізетін инвесторларға жер учаскелерін сатып алу мүмкіндігі берілмек. Онда да басымдыққа ие жобалар бойынша жұмыс істейтін инвесторларға ғана жер телімін беру тетігі қарастырылады. Ал басқа жобалармен айналысатын инвесторларға тек инфрақұрылымдарды пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.

«Барлық инвестициялық міндеттеме орындалғаннан кейін Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары үшін жер учаскесін сатып алу мүмкіндігі көзделген. Аралас режимді аумақтар айқындалды, бұл жерде басым жобалар АЭА режимінде жеңілдіктер алады, ал басымдықтардан тыс жобаларды іске асыруды жоспарлап отырғандар инфрақұрылым ғана алатын болады. Сондай-ақ АЭА қатысушылары үшін «инвестициялар неғұрлым көп болса, жеңілдіктер соғұрлым көп» қағидаты бойынша салықтық жеңілдіктер берудің сараланған тәсілі енгізілді»,  – деді ҰЭМ басшысы.

Сонымен бірге Қазақстанның мұнай-газ саласының минералдық-шикізат базасын  толықтыру мақсатында 2023 жылдан бастап жақсартылған модельдік келісімшарт (ЖМҚ) жасалады. Оның негізінде фискалдық ынталандыру енгізіліп, геологиялық барлауға инвестициялар тарту көзделген.

Салық преференциялары

Одан бөлек салық преференциялары беріліп, инвесторларды құжатқа қол қойылған сәттен бастап корпоративтік табыс салығынан босату мәселесі де пысықталып жатқанын айтты. Министрдің айтуынша, жеңілдік кезеңінің едәуір бөлігі жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарының кезеңдеріне сәйкес келеді. Яғни корпоративтік табыс салығынан 10 жыл босатылғаннан кейін инвестор объект пайдалануға берілген соң, іс жүзінде 7-8 жылға дейін жеңілдіктер алады.

«Осыған байланысты Инвестициялар туралы келісім жасасу шеңберінде жобаны іске асырудың нақты басталуына сәйкес корпоративтік табыс салығынан босатуды қолдану ұсынылады. Бұл инвестор үшін салықтық пайдаларды анағұрлым әділ және теңгерімді бөлуді қамтамасыз етеді», – дейді министр.

Өз кезегінде премьер-министр Олжас Бектенов бүгінде инвесторларға салықтық жеңілдіктер, кедендік баждардан босату, заттай гранттар беру, кепілдендірілген тапсырысты қамтамасыз ету және тағы басқа да түрлі преференциялар беріліп отырғанын айтты. Бірақ соған қарамастан қолдау құралдарын тиімді пайдалану және олардың сапасы бойынша сұрақтар көп екенін айтты. Арнайы экономикалық аймақтар дұрыс дамымай отырғанын атап өтті.

«Арнайы экономикалық аймақтар институты әлі күнге дейін тиісті деңгейде дамымай отыр. Ал, озық елдердің көпшілігі арнайы экономикалық аймақтарды инвестиция тартудың тиімді құралына айналдырған. Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, тартымдылығы жағынан салық және кедендік жеңілдіктер тек үшінші және төртінші орындарда тұр», – деді премьер министр.

Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа

Бектенов арнайы экономикалық аймақтарды реформалау әрекеті тиімділік көрсетпей отырғанына тоқталды. Басқарушы компанияларды қамтамасыз етуге қомақты бюджет қаражаты жұмсалып отырғанын, алайда олардың тарапынан инвестиция түрінде тиісті қайтарым жоқ екенін атап өтті.

«Сонымен бірге үкімет басшысы Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы субсидиялау  тәсілдерді өзгерту мәселесін де тілге тиек етті. Қолданыстағы практика шаруаларды озық агротехнология мен инновацияны тартуға ынталандырмайды. Осылайша, бөлінген ақшаның қайтарымы білінбей қалады. Жер учаскелерін алу, инфрақұрылым жеткізу рәсімдерінің ұзақ әрі құрылыс нормаларының күрделі болуы – мұның барлығы инвестициялық ахуалға теріс әсерін тигізеді. Мемлекет қолдау шараларына орасан көп қаражат бөліп отырғанымен, жеке капиталды тарту мүлдем жеткіліксіз», –деді.

Осы орайда Бектенов қосымша қаржыландыру көздерін тарту бойынша пәрменді шаралар қабылдау керектігін айтты. Ол үшін мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың бірыңғай базасы және олардың тиімділігін бағалау жүйесін енгізуді ұсынды.

«Инвесторларға ыңғайлы болуы үшін мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажет. Бұл мәселе тым созылып кетті. Сыртқы істер министрлігі мен Цифрландыру министрлігі тез арада Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны толыққанды іске қосуды қамтамасыз етсін. Онда преференциялардың барлық түрлерін шоғырландыру керек», – деді үкімет басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз