Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Хабар» арнасындағы дауға қатысты пікір білдірді. Ол бұл мәселеде телеарна қызметіне күмән келтіруге болмайтынын, бірақ телеарнаның бұл жағдайдан тиісті шешімдер шығаратынына сенімді.
Сенат спикері бұл мәселені Мәдениет және ақпарат министрлігі өз бақылауында ұстайтынын мәлімдеді.
«Қазақстан», «Хабар» сынды телеарналардың қызметіне күмәндануға негіз жоқ. Кемшіліктер болса, оны айту керек. Біздің көзқарасымызды білдіруге, позициямызды айтуға құқығымыз бар. Бұл мәселеге қатысты «Хабар» арнасы тиісті шаралар мен шешімдер қабылдайды деп ойлаймын. Сонымен қатар бұл мәселе Мәдениет және ақпарат министрлігінің бақылауында. Жалпы телеарна мен Мәдениет министрлігі бұған қатысты барлық жауапкершілікті сезініп отыр”,- деді Сенат басшысы.
Журналистер салық төлеушілер есебінен күн көріп отырған телеарналардың халыққа осындай сапасыз бағдарламалар ұсынуын сынға алды.
«Бұл телеарналардың мазмұны осындай. Басқалардан көшіріп жататыны тағы бар. Жалпы мұндай телеарналардың қаншалықты қажеттігі бар?», – деп сұрады журналистер.
Мәулен Әшімбаев бір оқиғаға бола барлық телеарнаны кінәлаудың қажеті жоқ екенін, олардың ақапараттандыру саласында өз қызметін дұрыс атқарып отырғанын айтты.
«Қазір бұл тақырып қоғамымыз үшін өте өзекті болып отыр. Бірақ бұл оқиғаға байланысты барлық мемлекеттік арналарды бірден кінәлауға болмайды. Олар елдегі кез келген жағдайды ақпараттандыру, жариялау бойынша өздерінің нақты функцияларын орындап отыр. Негізінен елде мемлекеттік және мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары, блогерлер болуы керек. Бірақ олар өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұйымдастыруы керек”,- деді Әшімбаев.
Еске сала кетсек, «Хабар» арнасының «Бірақ…» ток-шоуы жабылды. Бағдарлама журналистері агрессор күйеуінен қашып, «Қорғау Астана» қорын паналап жүрген көпбалалы әйелді күйеуіне қайта қоспақ болған. Осының барлығын тікелей эфирден тамашалаған көрермен 18 жыл бойы күйеуінен зорлық-зомбылық көріп келген әйелді қорлау деп бағалады. Бұл жағдай қоғамда резонанс тудырды.
«Хабар» агенттігінің басшысы Кемелбек Ойшыбаев аталған жағдайға қатысты түсініктеме беріп, көрермендер мен кейіпкерден кешірім сұрады.
Ал Мәдениет жіне ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік идеологияны жүргізіп отырған мемлекеттік телеарна бұндай олқылыққа жол бермеуге тиіс екенін айтты.
«Ең алдымен, редакция барлық этикалық нормаларды сақтап, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен арандатушылыққа жол бермеуге, кейіпкерлерді көпшілік алдында қорламау қажет еді. Сондықтан телеарна редакциясына бұл үлкен сабақ болады деп санаймыз. Аталған ток-шоу жабылады», – деді ведомство басшысы.