Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясын шақыру туралы өкімге қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты тақырыпта өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы 2024 жылдың 24-25 сәуір күндері Астана қаласындағы Президенттік орталықта өтеді.
Ал өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXХІI сессиясы 26-27 сәуір күндері болды. «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты тақырыпта өткен жиын Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылды.
Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурыз күні Атырауда Ұлттық құрылтай өткізді. Онда мемлекет басшысы дін, ұлттық құндылықтар мен отбасындағы әйелдерді кемсіту мәселесін сөз етті. Ол «радикалды неофиттар қоғамға жат діни мұраттарды, оның ішінде халқымыздың салтында жоқ киім үлгісін енгізуге ұмтылуы дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға шабуыл жасап жатқанын» айтты.
Президент құрылтайда қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастағанын, елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтты.
«Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», – деді ол.
Сонымен бірге мемлекет басшысы елтаңбаның Кеңес заманындағы Гербке ұқсайтынын, ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құрылып, оны өзгерту мүмкіндігі қарастырылатынын айтты.
«Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді»,- деген президент Ұлттық Елтаңбамыздың көп сынға ұшырайтынын, оны тіпті Кеңес заманындағы гербке ұқсатып жататынын, «тым эклектикалық, күрделі» екенін мәлімдеді.