Жаңалықтар

“Крокус” орталығында болған қайғылы оқиғадан кейін Ресейде аза тұту күні жарияланды

терракт, мәскеу
«Крокус» орталығында болған қайғылы оқиғадан кейін Ресейде аза тұту күні жарияланды / Reuters

РФ президенті Владимир Путин 24 наурызды Ресейде жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бұл қаралы күн Мәскеудегі «Крокус» орталығына қарулы шабуыл жасалғанына байланысты жарияланды.

Ресейдегі барлық мемлекеттік органның туы түсіріліп, салтанатты іс-шаралар тоқтады. Ресейдің шетелдегі елшіліктерінде де ту түсіріліп, халық елшілік пен консулдықтар алдына гүл қойып жатыр.

Кейінгі ресми мәлімет бойынша, терактіден 133 адам қаза болып, 152 адам жараланды. 11 адам ұсталды.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Астанадағы Ресей Федерациясының елшілігіне барды. Премьер-министр Мәскеудегі «Крокус Сити холл» ойын-сауық кешенінде жасалған лаңкестік әрекетке байланысты көңіл айту кітабына жазба қалдырды.

Мәскеу түбіндегі теракт

Жұма күні кешке Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында атыс болды. «Пикник» тобының «Крокус Сити Холлдағы» концерті кезінде камуфляж киген белгісіз біреулер оқ жаудырып, артынша жарылғыш зат лақтырған.

Біріккен Ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесі Мәскеудегі терактіден кейін қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтты.

Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников Владимир Путинге «Крокус Сити Холл» концерт залындағы шабуылға байланысты 11 адамның ұсталғаны туралы хабарлаған.

Шабуылдың артында кім тұр?

Reuters ақпаратына сүйенсек, Мәскеудегі шабуылдан кейін бірнеше сағаттан соң «Ислам мемлекеті» террористік тобы шабуылды мойнына алғаны жөнінде хабар тараған. Басылым АҚШ барлау қызметіндегі дереккөздеріне сүйеніп, террористік топтың шабуылға қатысы барын растаған. Ақпаратқа қарағанда, АҚШ бұған дейін барлау деректерін Ресейге берген. «Ислам мемлекеті» Ресейдің Ауғанстан, Шешенстан және Сириядағы әскери әрекеттері үшін кек алғысы келгені жазылған. 

Қазақстанның реакциясы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Мәскеудегі бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптайды деп мәлімдеді. Сонымен қатар қажет болған жағдайда Қазақстан көмек қолын созатынын айтты. Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растағанын жазған едік.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Мемлекет басшысы бейбіт тұрғындарға қатысты Мәскеу облысында болған зорлық-зомбылық әрекетті тағы да айыптай отырып, терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растады», – делінген Ақорда хабарламасында.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі шабуылдың салдарынан қаза болған немесе зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түспегенін мәлімдеді.