Жаңалықтар

Қазақстан Ресейдегі лаңкестік оқиғасынан сабақ алуы керек – Айдос Сарым

«Смертельные ловушки». Депутаты требуют пересмотреть проведение массовых мероприятий в Казахстане после теракта в Москве
«Крокус Сити Холл» концерттік залында болған теракт кезінде талай адам өрт пен дүрбелең салдарынан жапа шеккен / Фото: kursiv.media

Қазақстан Ресейдің «Крокус Сити Холл» концерттік залында болған оқиғаны толық зерттеп, қажетті сабақ алуы керек. Бұл жайлы депутат Айдос Сарым айтты.

Депутат террактіде қайғылы оқиға кезінде қайтыс болғандардың үштен бірі тікелей лаңкестік әрекеттен қайтыс болса, қалған адамдардың ілеспе жағдайлардан жапа шеккенін айтады. Айтуынша, өрт пен дүрбелең және құқық қорғау органдары мен ұйымдастырушылардың іс-әрекетіндегі сәйкессіздік салдарынан адам шығыны артқан. Осы орайда депутат құрылысты салмас бұрын авариялық жағдайда адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне көбірек мән берген жөн деп санайды.

«Құрылыста пайдаланылатын материалдардан бастап, оларды пайдалану кезінде адамдар мен персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ден қойылуы керек. Сол үшін мәдениет және спорт объектілерін салу, пайдалануға беру кезінде мемлекеттік бақылау күшейтілуі керек»,  – дейді депутат.

Сонымен бірге Сарым адам көп жиналатын шараларды ұйымдастыру, өткізу алгоритмін реттеу керек деп санайды. Ол республика көлемінде мәдени-бұқаралық, спорттық іс-шараларды өткізу мен реттеу алгоритмдерін қайта қарау қажет екенін баса айтты. Оларды ұйымдастырушылар мен құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметінің өзара әрекеттесу тетіктерін неғұрлым нақты белгілеуді ұсынған.

«Еліміздегі әрбір концерт залы мен спорт нысанында төтенше жағдайларға қатысты нақты жоспарлары болуы керек. Сонымен бірге кәсіби қызметкерлер жиі дайындықтан өтуі керек. Іс-шараларды өткізу кезінде залдар мен үй-жайлар азаматтар үшін өлім тұзағына айналмауы керек. Ұйымдастырушылар қажет болған жағдайда қосымша персоналды тартып, кедергісіз кіруді қамтамасыз етуі, сондай-ақ адамдарды қауіпсіз шұғыл эвакуациялау қажет болған жағдайда ішкі істер органдары мен төтенше жағдайлар қызметін де тартуы керек»,  – дейді Сарым.

Сонымен бірге депутат мұндай залдар мен құрылымдарда егжей-тегжейлі кестелер жасалуы керек екенін айтады. Одан бөлек адам көп келетін мәдениет және спорт объектілеріне аудит жүргізіліп, залдарының лаңкестікке қарсы, өртке қарсы және басқа да қауіпсіздігіне қатысты қажетті сигнал беру, өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілу деңгейі тексерілуі керек деген ұсыныс айтты.

«Сондай-ақ мұндай жаңа нысандардың сейсмикалық және өрт қауіпсіздігіне тексеріліп, отқа төзімді материалдар пайдаланылғанына назар аударған жөн», – дейді депутат.

Ресейдегі лаңкестік оқиғасы

Еске сала кетсек, Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында атыс болды. «Пикник» тобының «Крокус Сити Холлдағы» концерті кезінде камуфляж киген белгісіз біреулер оқ жаудырып, артынша жарылғыш зат лақтырған.

Біріккен Ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесі Мәскеудегі терактіден кейін қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтты.

Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников Владимир Путинге «Крокус Сити Холл» концерт залындағы шабуылға байланысты 11 адамның ұсталғаны туралы хабарлаған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Мәскеудегі бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптайды деп мәлімдеді. Сонымен қатар қажет болған жағдайда Қазақстан көмек қолын созатынын айтты. Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растағанын жазған едік.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Мемлекет басшысы бейбіт тұрғындарға қатысты Мәскеу облысында болған зорлық-зомбылық әрекетті тағы да айыптай отырып, терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растады», – делінген Ақорда хабарламасында.

СІМ шабуылдың салдарынан қаза болған немесе зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түспегенін мәлімдеді.