Жеке несие қорлары банк үстемдігін бәсеңдете ме?

Жарияланды (жаңартылды )
Жеке несие қорлары туралы не білеміз
Жеке несие қорлары туралы не білеміз / shutterstock

Қазір батыс елдерінде жеке несие қорлары белсенді. Кәсіп иелерінің өзі банк несиесінен гөрі, осындай ұйымдардың қаржысын қарызға ала тұрғанды жөн көре бастаған. Еуропадағы тап осындай индустрияның айналым құны қазір 1,7 трлн долларға жетіп қалыпты. Жеке кредит тенденциясы, әсіресе, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін айрықша сұранысқа ие болған.

Жеке несие қорлары қандай жобаларды қаржыландырады

Bloomberg басылымының жазуынша, қазір мұндай жеке қорлар жылжымайтын мүлік фирмаларынан бастап технологиялық стартаптарға дейінгі аралықтағы бизнестің барлық түрін қаржыландырады. Қазір олар әр алуан инвестициялық стратегияларға миллиардтаған доллар салуда. Мұның да бірнеше түрі бар:

Тікелей несиелеу: компания өз бетінше әрекет ететін немесе шағын топ құрамындағы банктік емес кредитордан кредит алады.

Проблемалық қарыз: жеке несие қорлары құны бастапқы құнынан айтарлықтай төмен болатын корпоративтік қарызды сатып алады немесе қиын жағдайдағы компанияға қаржыландыру жасап, қолұшын береді.

Венчурлық қарыз: әлі табыс алмаған стартаптарға қаржыландыру ұсынылады. Несие мөлшері фирманың тұрақты табысына қарап есептеледі.

Мезанинді қаржыландыру: ол қарыз алушы өз міндеттемелерін орындамаған кезде өтеу кезегіндегі басқа несиелер мен тұрғын үй капиталы арасында тұратын қарыздың тәуекелі жоғары түрлеріне инвестициялауға байланысты.

Ерекше жағдайлар: Бұған белгілі бір оқиғаның немесе жағдайдың артықшылығын пайдалану үшін берілген несиелер кіреді және несие шешімі көбіне компанияның табыстылық немесе өсу сияқты белгілеріне қатысты болмайды.

Жеке несие қорлары ұтымды сәтті пайдаланды

Жеке несие қорлары банктер қайтарылмаған кредиттермен әуреге түскен несие нарығындағы тұрақсыздық кезеңін пайдаланып кетті. BlackRock Inc. қаржылық менеджерінің хабарлауынша, қаржы нарықтарындағы «тектоникалық өзгерістер» қарыз алушыларды жеке қаражат іздеуге итермелеп, жаһандық жеке қарыз нарығының құнын 2028 жылға қарай 3,5 трлн долларға дейін арттыруы мүмкін. Мұндай жеке қорлар банк талаптарына сәйкес келмейтін тұлғалардың да өтінімін оп-оңай қабылдайды және мақұлдайды. Жаһандық пайыздық мөлшерлемелердің тым қатты өсуі де көптеген компанияны қиын қаржылық жағдайға түсірді. Олардың біразы жеке несие құралдарын таңдай бастады. Соның арқасында олар пайыз төлемін жасауды кейінге шегере алады.

2022 жылдың басынан бастап пайыздық мөлшерлемелердің тез өскені соншалық, банктер өсу циклі басталғанға дейін сатып алу операциялары үшін пайдасыз несиелер бойынша жинақталған қарыздарымен қалып қойды. Нәтижесінде олар кредиттеуді ұлғайтудан шектеліп, жиналып қалған қарыздарды сатуға көңіл бөле бастады. Осы кезде іске жеке несие қорлары араласып, банктер өздерінің активтерді басқарушысына сата алмаған қарыздарды өтеді. Қазір жеке несие қорларында жиналған ресурстар ірі банктік синдикаттардың ресурсынан кем түспейді.

2023 жылдың басында бірнеше қор денсаулық сақтау саласындағы технологиялармен айналысатын Cotiviti Inc. компаниясын әлеуетті сатып алуды жеңілдету үшін займ қаражатын пайдалана отырып 5,5 млрд долларға қарыз міндеттемесінің пакетін ұйымдастырды. Былтыр қараша айында құрамына Канада зейнетақы жоспарының инвестициялық кеңесі, Blackstone Inc. несие бөлімшесі және GIC сингапурлық ұлттық әл-ауқат қоры кіретін консорциум Adevinta ASA жарнамалық хабарламалар компаниясын сатып алуға қолдау көрсету үшін 4,5 млрд еуро көлемінде несие ұсынуға келісті. Бұл осы саладағы рекордтық көрсеткіш болып саналады.

Ауқатты адамдар құрған жеке несие қорлары

Ал ауқатты адамдар неліктен жеке кредитке инвестиция құюға әзір? Біріншіден, саудаланатын кредитке қарағанда сатылуы қиын активтерге иелік ету арқылы өтемақы түріндегі мол түсімге ие болады. Екіншіден, жеке кредиттеуге қатысу инвесторға өз активін әртараптандыруға, нарықтағы баға құбылуынан сақтауға мүмкіндік береді.

Жеке несиелердің басым көпшілігінде мөлшерлемелер өзгермелі. Сондықтан кірістілік өсті, өйткені орталық банктер қарыз алу құнын көтерді. Дегенмен жеке кредит қорларына қатысты тәуекелдер де жоқ емес. Мысалы, қоғамдық нарықпен салыстырғанда өтімділіктің жетіспеушілігі үлкен жоғалтуларға әкеп соқтыруы мүмкін. Кейбір қорлар инвестицияланған капиталын формалды сауда тетігінсіз бес жылдан аса уақытқа бұғаттай алады. Олар өз позицияларын «екінші» нарықта сата алады, бірақ бағаға айтарлықтай жеңілдік жасайды. Сонымен қатар ашықтықтың жоқтығы да алаңдаушылық туғызады.

Қорлардың активтері мен инвестицияларының тиімділігі туралы ақпаратты ашуға келгенде, олардың ашық сатылатын баламаларына қарағанда міндеттемелері аз. Себебі мұндай активтер үшін ешқандай нарық жоқ. Оларды бағалау қиын және құны да ұзаққа созылатын пікірталастан соң анықталып жатады. Бірқатар қорлар өз активін тоқсан сайын бағалап отырамыз деп мәлімдейді. Бірақ цифрлар әрдайым өзгеріске түседі. Мұндайда басқа тараптан бағалаушылар тартуға әбден болады. Алайда қорды басқарушылар әр жағдай кезінде олардың кеңесіне құлақ түріп отыра алмайды.

Жеке кредит үрдісі ұзаққа созылған рецессияға шыдас беріп тұра ала ма? Оған ешкім нақты жауап бермейді. Жеке кредиторлар өздері беретін кредит қаражаты несиелеудің басқа түрлерімен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіз деп сендіреді. Өйткені қаржыландыру үшін пайдаланылатын капитал ұзақ мерзімге бұғатталған. Ал андеррайтинг стандарттары мейлінше қатаң. АҚШ Федералды резерв жүйесі мамыр айындағы есебінде өздерін жеке кредит құрылымының алаңдатпайтынын, бірақ ашықтықтың жоқтығы ауқымды қаржы жүйесі үшін тәуекелдерді бағалауды қиындататынын мәлімдеді. Moody’s рейтинг агенттігінің хабарлауынша, банктер мен жеке кредит қорлары арасындағы бәсекелестіктің күшеюі әлдеқайда тәуекелі жоғары қарыз мәмілелерін ынталандырып, дефолт санының артуына әкеліп соғуы ықтимал. Жеке мәмілелер шарттары төңірегіндегі белгісіздік рецессия болған жағдайда бағалаудың қаншалықты құлдырайтынын аңғартатындай. Инвесторлар қиын жағдайға тап болған қордағы позицияларын сатуда кедергілерге ұшырауы мүмкін.

АҚШ пен Еуропадағы жеке несие қорлары

АҚШ пен Еуропадағы жеке кредиттерді басқарушылар өз бизнесін жүргізу және қадағалаушы органға деректерді ұсыну үшін белгілі бір талаптарға бағына бастады. Қазір Еуропалық Одақ кірістілікті арттыру үшін займ қаражатын пайдалануға шектеулер енгізіп жатыр және жеке несие қорларын тәуекелдерді әртараптандыруға міндеттеуде. АҚШ-тағы бағалы қағаздар және биржа бойынша комиссия жеке несие қорларын тоқсан сайын есеп дайындап, өз шығындары туралы көбірек ақпарат беруге міндеттеген. Ұлыбритания қаржылық бақылау басқармасы да жеке нарықтағы бағалауды анықтау тәсілдерін қайта қарастырмақшы. Алайда жалпы алғанда, жеке несие қорларын реттеуге бағытталған кең ауқымды қадамдар жасалып жатқан жоқ. Бұл ретте бірқатар елдің үкіметі банктер үшін тәуекелі тым жоғары деп есептейтін несиелеу түрі бойынша жеке капиталдың тартыла бастағанын дұрыс деп санайды және бұған кәдімгідей қуаныш білдіріп жатқан көрінеді.

Соңғы уақытта банктерде құны 1,5 трлн доллар болатын жеке несие қорлары нарығына көбірек кіріп, жеке несие қоры мен дәстүрлі банк қызметі арасындағы шекараны бұлдыратып жіберді. Соңғы апталарда Barclays Plc, Societe Generale SA және Deutsche Bank AG қарызды қаржыландырудың пайдалы бұрышының бір бөлігін алу үшін келісілген күш-жігер жұмсады. Bloomberg News хабарлауынша, өткен аптада ғана голландиялық кредитор – Rabobank Group жаңа орнықты жеке несие фирмасы Colesco-ның инвесторы атанды.

«Банктер жеке несиелеу нарығындағы мүмкіндікті уыстан шығарып алғысы келмейді және өз клиенттері үшін өзекті болып қалуды ойластыруда», – дейді Perella Weinberg Partners компаниясының еуропалық қарыздар бойынша консультациялау бөлімінің басшысы Флорис Ховинг.

Жеке нсеи қорлары неліктен тиімді

Жеке несие қорлары, әсіресе, акция сатып алумен айналысатын компаниялар үшін маңызды қаржыландыру құралына айналып барады. Өйткені мемлекеттік қарыз нарығында басым күшке ие банктер былтырғы пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуі және инвесторлардың тәуекелге бейімдігі фонында біршама кері шегініп қойған еді. Банктер бұл өзгеріске алаңдайды. Өйткені мұндай түрдегі несиелер беру, содан кейін оларды басқа инвесторларға сату олар үшін күшті табыс көзі болып саналады.

«1,4триллион долларлық жеке несие әлемі АҚШ пен Еуропаның дәстүрлі нарықтарынан тыс қарқын алуда, өйткені жеке несие берушілер қамту олқылықтарын пайдаланып, банктердің әлсіз тәбетін пайдалануға тырысады», делінеді дамушы өңірлердегі 2 трлн доллардан астам сомадағы активтерді басқаратын инвесторлар мүддесін ту еткен Global Private Capital Association (GPCA) салалық ұйымының есебінде.

GPCA дерегінше, былтыр Азия, Африка, Орталық және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Латын Америкасындағы компаниялар жеке несие фирмаларынан айтарлықтай көп займ қаражатын алған.

GPCA зерттеулері бойынша басқарушы директор Джефф Шлапинскидің айтуынша, жеке несие қорлары дамушы елддердегі қаржылық бос орындарды толықтырғысы келеді.

«Орта бизнес кәсіпорындары өз кәсібін кеңейту жолында жеткілікті қаржылық тәсілдерге ие емес. Олар банктен қаржыландыру алғанның өзінде ол қысқа мерзімге ғана жеткілікті болады»,– дейді ол.

Мәселен, Blackstone Inc. пен KKR & Co. Азияда жеке несие қорлары үшін миллиардтаған доллар жинаса, BlackRock Inc. пен NBK Capital Partners Латын Америкасы мен Таяу Шығыс сияқты жерлердегі жеке несие мүмкіндіктері үшін белгіленген қорларын таяуда жауып тастады.

Сондай-ақ оқыңыз