Астанада қатты жел мен жаңбыр күтіледі. Осыған орай ТЖД елорда тұрғындарын қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
«Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарынан көшеде жүргенде өте мұқият және сақ болуды сұрайды»,- делінген елорда әкімдігінің ресми сайтында.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша, 29 наурызда Астанада жауын-шашын болуы ықтимал. Сонымен бірге оған оңтүстік-батыстан соғатын жел қосылады. Жел екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.
Осы орайда құтқарушылар тұрғындарға мұндай ауа райы жағдайында өте мұқият және сақ болуды ескеретді. Азаматтарға үйлердің қабырғаларында, аялдамаларда, билбордтардың жанында, ағаштардың астында желден жасырынбау ұсынылған. Сонымен бірге сынған сымдар мен желден босап, тербеліп тұрған нысандарға жақындамаған абзал. Сондай-пқ ТЖД автокөлікті ескі және жалғыз тұрған ағаштардың жанына қоймауға кеңес берген.
Әкімдік ауа райының қолайсыздығына байланысты қаланың барлық коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлайды.
Ал қандай да бір төтенше жағдайларға байланысты қала тұрғындары «109» қызметіне хабарласа алады.
Еске сала кетсек, Қазақстаның барлық өңірінде қызылсуға байланысты жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланып жатыр. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында 455 үйді қарғын су басып қалған. Құтқарушылар тұрғындарды қайық және тікұшақпен эвакуациялап жатыр.
Ал 27 наурызда Орал көшелерін қарғын су басып қалған соң, қала әкімі Миржан Сатқанов төтенше жағдай жариялады. Айта кетейік, Оралда ондаған үй мен әлеуметтік нысандар су астында қалған. Автожолдарда 26 су тасқыны тіркелді.
Абай облысының Аягөз ауданында да төтенше жағдай енгізілді. Аягөз ауданындағы «Аягөз-Бозай» автожолының 20 шақырымында Аягөз өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, көпірдің жол төсемін шайып кеткен. Сонымен бірге үш адам суға кеткен.
28 наурызда Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді және Жанкелді аудандарында төтенше жағдай енгізілді. Құтқарушылар Жангелдин және Амангелді аудандарында 45 адамды құтқарған.
Ақтөбе облысының Қобда ауданында да жағдай мәз емес. Қарғалы өзіне тасып, жағалай салынған үйлерді су басып қалған. Сондықтан бұл ауданда да төтенше жағдай енгізілді.
Бұған дейін ҚазАвтожол еліміздің 6 облысында республикалық маңызы бар автожолдар жабылғанын хабарлады.