Су тасқыны мәселесін шешіп алайық: Қаржы министрі Елтаңбаны ауыстыру жайлы

Жарияланды
Су тасқыны мәселесін шешіп алайық: Қаржы министрі Елтаңбаны ауыстыру жайлы / коллаж kursiv.media

Қаржы министрі Мәди Такиев Қазақстанда Елтаңбаны ауыстыру туралы журналистер сұрағына жауап беріп, алдымен су тасқыны мәселесін шешу керек екенін айтты.

«Қазір өзге маңызды мәселелер бар. Алдымен су тасқыны мәселесін шешіп алайық. Себебі соңғы 30 жылдағы ең көлемді су тасқыны болып жатыр. Оның екінші толқыны да келе жатыр», – деді министр Мәжіліс кулуарында.

Бұдан бөлек, ол президент Елтаңба өзгерту туралы шешім қабылдағаннан кейін арнайы комиссия құрылатынын айтады.

«Әлі оны (Елтаңба ауыстыруға кететін қаржыны – ред.) есептеуді бастамадық. Себебі елтаңбаны бір күнде өзгерте салу мүмкін емес. Алдымен оны (Елтаңба – ред.) дайындау керек. Қанша ғимарат пен кеңсеге ілу керек екенін есептеу керек. Бұл тек Қаржы министрлігіне қатысты емес. Бұл барлық мемлекеттік органдарға қатысты. Олардан келіп түсетін өтінішті есептеу керек. Ал өтініштер шешім қабылданған кезде ғана келетін болады», – деді Такиев.

Бұдан бөлек, министр мемлекеттік қызметкерлер мен бюджет есебінен қаржыландырылатын мамандардың жалақысына 1 трлн теңге бөлініп, мемлекеттік органдардың коммуналдық қызметтеріне 30 млрд теңге жұмсалатынын айтты. Алайда ол мемлекеттік қызметкерлерге берілетін автокөліктер, қызметтік тұрғын үйлерге қанша қаржы кететінін нақты айта алмады.

Елтаңбаны өзгерту

Тоқаев Елтаңба өзгерту туралы ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құрылатынын мәлімдеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан еді.

18 наурыздағы жағдай бойынша мемлекеттік сатып алу порталында  елтаңбаға 12 өңірден 36 тапсырыс бар. Ең көп тапсырыс Ақтөбе облысынан – 8 тапсырыс,  Жамбыл облысынан 6 тапсырыс жариялаған.

Ең қымбат тапсырысты Абай облысы Үржар ауданының әкімдігі жариялаған. Олар ғимарат сыртына ілінетін елтаңбаны 280 мың теңгеге алуға дайын (бұл қаржыға елтаңбаны орнату құны да енген). 

Қанша үй су тасқыны астында қалды?

Үкімет отырысында баяндама жасаған ТЖ вице-министрі Бауыржан Сыздықов елдегі 5 өңірде, яғни 1405 үй су астында қалғанын мәлімдеген.  372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалып, 9 тұрғын үй қираған.

«55 шайылған автожол учаскелері мен төрт көпірдің (Абай, Қостанай, Атырау) қалпына келтіру жұмыстары бақылауда. 50 елдімекен көлік қатынасынсыз қалып отыр. Олармен үнемі байланыстамыз, әкімдіктер азық-түлік және дәрі-дәрмек резервтерін дайындады, оларды уақытымен жеткіздік. Бұл жерде төтенше жағдай аймақтарында қажетті көмек көрсететін еріктілердің жұмысын атап өткім келді», – деді вице-министр.

Шығынды қайтару үшін не істеу керек?

  • материалдық зардап шеккендер ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде Жергілікті атқарушы органға материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.
  • ЖАО өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Тұрғын үйі қауіпті деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер қалыптастыратын болады. 

Осыған дейін Үкіметте су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу тетіктері мен қаржыландыру көздері талқыланған. Қосымша қаржыландыру Үкімет резервінен алынады.

«Залалдың алдын ала мөлшерін ЖАО, Өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрліктері айқындайтын болады. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда қаржыландыру Үкіметтің резервінен қарастырылады», – деді Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабының отырысында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Сондай-ақ оқыңыз