Жаңалықтар

БҚО әкімдігінің тасқын судан зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін қанша ақша бөлетіні белгілі болды

су басқан
БҚО-да су басқан өңірлерден 7 мыңға жуық адам эвакуацияланған / Фото: Акорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының су басқан аумақтарын тікұшақпен аралап, жағдаймен танысты, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары қарғын су басқан аумақтарды тікұшақпен аралаудан басталған. Ол Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы жағдаймен танысқан.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Президентке өңірде қалыптасқан жағдайға баланысты есеп берген. Әкімнің айтуынша, бүгінде облыстың 6 ауданы мен Орал қаласын су басып, 552 тұрғын үй мен 427 саяжай теліміне зиян келген.

Су тасқынына қарсы шараларға 1911 адам, 332 техника, 101 мотопомпа, 1 тікұшақ жұмылдырылған. Сонымен қатар өңірге көмекке Алматы және Маңғыстау облыстарының құтқарушылары келген. Олар бүгінде су айдау, нысандардың жан-жағын топырақпен қоршау және су жүретін құбырларды кеңейту жұмыстарын жүргізіліп жатыр.

Қарғын су басқан аумақтардан 7 мыңға жуық тұрғын көшірілген. Оларды орналастыру үшін жедел-эвакуациялау пунктері құрылған. Ал зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 63 миллион теңге қаржы бөлінген. 552 тұрғын үй мен 427 саяжай телімдерінің иесіне көмек көрсетілетін болса, әр отбасына шамамен 64 мың теңгеден бұйыруға тиіс.

Өңірлердегі жағдай

Еске сала кетсек, Қазақстанның 6 өңірінде барлығы 1 364 жекеменшік тұрғын үйді су басқан. ТЖМ хабарлауынша су басқан аймақтардан тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары тоқтамаған. Соңғы тәулікте құтқарушылар 1 524 адамды, оның ішінде 496 баланы қауіпсіз аймаққа эвакуациялаған.

ТЖМ Ақмола облысының Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласының аумағын, сондай-ақ Преображенский су торабын тексерген. Бақылау барысында өңірдегі қар жамылғысы шамамен 76% құрайтыны анықталған. Осыған орай құтқарушылар мен техника әр ауданға бөлінген. Құтқарушалыр Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау аудандарының, Көкшетау және Қосшы қалаларының 17 елдімекеніне жіберілген.

Ал Қарағанды облысының аумағында қар жамылғысы шамамен 34% құрайды. ТЖМ хабарлауынша облыста алдын алу іс-шаралары, оның ішінде жағалауды нығайту жұмыстары және қапшықтарды төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірдегі құтқару жұмыстарына барлығы 700-ге жуық адам және 118 бірлік техника жұмылдырылған. Қазір жағдай тұрақты. 

Қостанай облысы бойынша қар жамылғысы шамамен 71%-ды құрайды. 75 тұрғын үй мен 38 аула аумағын су басқан. Бұл елдімекендерге Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облысының құтқарушылары тартылған. Олар бүгінде жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

ТЖМ хабарлауынша Арқалық қаласы мен Амангелді ауданында жағдай тұрақталған. Ал Жангелді ауданында жағдай әлі күрделі. Оған қоса алдағы күндері еліміз бойынша жауын-шашын және температуралық фонның күрт көтерілуі күтілуде. Бұл қардың қарқынды еруіне әкеледі.

Ал Атырау облысының Жылыой ауданында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Қосшағыл ауылдық округіне қарасты Қарағай елдімекеніне су кірген.

«Қауіп төніп тұрған аумақтардағы тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстары жүргізілетін болады. Аудан тұрғындарының қауіпсіздіктері үшін төтенше жағдай бөлімі қызметкерлерінің нұсқамасын мұқият сақтау сұралады», – делінген әкімдік хабарламасында.

Шығынды есептеу

Бүгінде жағдай тұрақталған өңірлерде шығынды есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, 3 сәуір күні Қаржы министрі Мәди Тәкиев су тасқынынан зардап шеккендерге жергілікті бюджеттен 26 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Министр бұл қаражат жетпесе, көмек үкімет резервінен берілетінін жеткізді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тасқын салдарынан қираған үйлерді қайта салуға мемлекет бюджеттен әр үй үшін 22 млн теңге бөлетінін айтты. Министр әкімдіктер өңірлердегі қираған үйлерді санап, жаңадан қанша үй салу керек екендігін есептеп шыққан сәтте зардап шеккендерге көмек беру басталатынын жеткізді.

«Алдымен жергілікті бюджеттен, жетпеген жағдайда республикалық бюджеттен қаржы бөлеміз. Бір үйдің құнын 22 млн теңге деп бағалап отырмыз. Бұл 2 пәтерлі 80 квадрат метр үйдің құны. Яғни бір квадрат метр үшін 281 мың теңге деп есептелген», – деді министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі су тасқынынан мал басы шығын болған тұрғындарға өтемақы жергілікті бюджеттен төленетінін мәлімдеді. Ал су басқан аймақтан алып шыққан мал басына азық жетіспеген жағдайда «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ фермерлердің өтінімдері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шартымен малға азық жеткізуді ұйымдастырады.