Halyk Bank 250 млрд теңге мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын толық қайтарды. Осылайша, Halyk өз міндеттемелерін толық орындаған. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл қаржыны мемлекет 2015 жылы «Қазақстандық орнықтылық қоры» арқылы БТА мен Қазкоммерцбанкті сақтап қалу үшін берген болатын.
Halyk 2023 жылы маусым мен желтоқсан айында депозиттің бір бөлігі – 68,4 млрд теңгені қайтарды. Енді банк мемлекеттік көмектің 181,6 млрд теңге сомасындағы қалдығын өтеді.
Қазкоммерцбанкке «Қазақстандық тұрақтылық қоры» АҚ депозит түріндегі 250 млрд теңге мемлекеттік қолдауды 2015 жылы берген. Алайда мемлекеттің көмегі банктің қордаланған мәселелерін шеше алмады. Ақыры 2 теңгеге сатылып, банк ретінде өз жұмысын тоқтатты. 2018 жылы Qazkom Halyk Bank-пен біріккеннен кейін, Halyk депозит бойынша мұрагерлік құқыққа ие болып, біріккен банктің балансына ауысты.
Сондай-ақ 250 млрд теңге келісімшартта көрсетілген мерзімнен бұрын қайтарылған. «Қазкоммерцбанк» АҚ және «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ арасында жасалған шартта қарыз 2037 жылы қайтарылуы керегі жазылған.
Бұған дейін бюджет есебінен немесе Ұлттық қор қаражатынан мемлекеттік қолдау алған банктерге дивиденд төлеуге шектеу қою мәселесі көтерілген еді. Енді банктің дивиденд төлеуіне ешқандай шектеу жоқ.
Жақында Halyk Bank өз дивиденд саясатына өзгерістер енгізді. Банк қарапайым акциялары бойынша жылына екі рет дивиденд төлемек.
2023 жылы ҚНРДА төрайымы Мәдина Әбілқасымова 6 банк қаржылық тұрақтылық бойынша мемлекет қолдауын алып отырғаны айтқан.
Олар – 2017 жылы қаржылық орнықтылықты көтеру бағдарламасына қатысқан «Еуразиялық банк», «ЦентрКредит Банк», Jusan Bank (көмек АТФБанк пен «Цеснабанкке» көрсетілген), «Нұрбанк», Halyk Bank және Bank RBK. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, алтауы алған жиынтық сома – 700,5 млрд теңге.
Бұл бағдарламаны 2017 жылы Ұлттық банк бекіткен болатын. Ол кезде банктердің шығыны, банктердің балансында стресстік активтердің жоғары деңгейі анықталған. Атамыш бағдарлама проблемалық займдарға провизия жасау үшін банктердің капитализациясын толықтыру мақсатында қабылданған еді.