Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев және Қытайдың Макаодағы Арнайы әкімшілік және әділет хатшысы Чонг Вэн Чон визасыз режимге қол қойды.
Сыртқы істер министрлігі ақпаратына сүйенсек, Қазақстан Үкіметі мен Макао Арнайы әкімшілік ауданының Үкіметі 14 күнге дейінгі мерзімге визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге келген. Ресми ресімдер аяқталғаннан кейін, құжат өз күшіне енеді.
«Келісім екі тарап арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туристік ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін береді», – делінген хабарламада.
Кездесу барысында Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының аясындағы әрекеттесу сұрақтары талқыланған.
Макао – Қытайдағы арнайы әкімшілік автономиялық аймақ. Оңтүстік Қытай теңізінде орналасқан аралда негізінен ойын бизнесі қатты дамыған. Аймақтың Қытайда ресми ойын бизнесін жүргізуге рұқсаты бар.
2024 жылдың 6 қаңтарынан бастап қазақстандықтар Сейшель Республикасына визасыз бара алады. Қазақстан Үкіметі мен Сейшель Республикасының Үкіметі 2023 жылдың 22 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында өзара визалық талаптардан босату туралы келісімге келген.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлемдік паспорт индексінде 66-орынға көтерілген. Зерттеу жасаған Henley & Partners компаниясы қазақстандықтардың әлемнің 78 еліне визасыз бара алатынын жазған. Айта кетейік, 2022 жылы Қазақстан рейтингте 68-орында болып, ел азаматтары визасыз 75 елге бара алған. Паспорт индексіне 104 ел кірген. ТМД елдері арасында Қазақстаннан бөлек Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Армения мен Өзбекстан бар. Индекстің бірінші орнында бірден алты мемлекет орналасқан: Еуро Одаққа кіретін Германия, Италия, Испания және Франция мен қос Азия елі – Сингапур мен Жапония. Бұл ел азаматтары 194 елге визасыз бара алады.
Қазақстан азаматтарына визасыз баруға болатын елдер тізімі жыл сайын артып келеді. 2024 жылы қай елдерге визасыз баруға болатынын тізіп шыққан едік. Шенген аймағынан тыс Еуропа елдері мен Азияның бірқатар елдеріне есік ашылды. Үш айға дейін визасыз жүруге болатын елдер саны артты.
2024 жылы саяхатқа шығуды жоспарласаңыз, тізімдегі елдердегі саяси жағдайды анықтап алғаныңыз абзал. Украина, Ресей, Беларусь аумағы мен Таяу Шығыс елдеріне ұзақ мерзімге жоспар құрмаңыз. Егер Қырым немесе Абхазия, Оңтүстік Осетияға барып жатсаңыз, Украина мен Грузияға кіргенде қиындық болуы мүмкін.
Бірқатар елдерге шетелге шығатын паспорт жасамай-ақ, ішкі жеке куәлікпен баруға болады: Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Әзірбайжан.