Банк пен қаржы

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,75% деңгейінде сақтап қалды

мөлшерлемені
Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім шығарды/Коллаж kursiv.media

Ұлттық банк 12 сәуір күнгі шешімінде базалық мөлшерлемені бұрынғы деңгейінде сақтап қалды. ҰБ-ның Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Ұлттық банк бұл шешімін инфляциялық қысымның сақталып отыруымен түсіндірді.

«Ақпан және наурызда жылдық инфляция төмендеу үрдісін жалғастырды. Алайда баяу қарқынмен төмендеді. Инфляциялық күтулер біршама әлсіреді. Бірақ мейлінше, жоғары деңгейде қалды. Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап түрде қалыптасып отыр. Әлемдік нарықтарда астық бағасы төмендеп келеді. Ішкі экономикада орнықты ішкі сұранысқа және тұрақтанбаған инфляциялық күтулерге байланысты инфляциялық қысым сақталып отыр»,- делінген хабарламада.

ҰБ инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет екенін атап өтті. Қазіргі жағдайда ақша-кредит саясатын жеңілдетуге арналған кеңістік әлі де шектеулі болып тұр. Оның қалыптасуы инфляцияның орнықты бөлігінің тұрақты түрде баяулауына байланысты. 

Жылдық инфляция 2024 жылдың наурыз айында 9,1%-ға дейін баяулап, болжамды траекториядан біршама жоғары қалыптасқан.

Бас банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімдер инфляцияның динамикасына және оның болжамды траекториясына қаншалықты сәйкес келеріне байланысты қабылданатынын айтқан.  

2024 жылдың қаңтарында шығарылған шешім бойынша базалық мөлшерлеме 15,25 пайызды құраса, 23 ақпанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,75%-ға дейін төмендетті. Инфляция да бірте-бірте төмендеп, наурызда 9,1%-ды құрады.

Halyk Finance сарапшылары инфляцияны тежеп, экономикалық дамуды ынталандыру үшін базалық мөлшерлемені төмендету керек екенін айтқан.

Ал AERC сарапшылары оны мерзімінен бұрын төмендету жылдық инфляцияның өсуіне ықпал етуі мүмкін деп тұжырымдайды.

Ұлттық банктің макроэкономикалық сауалнамасында сарапшылар бүкіл болжамды кезеңде базалық мөлшерлеме жоғарылау болады деп пікір білдірген.

Негізгі көрсеткішке қатысты шешімді Ұлттық банк жылына 8 рет қабылдайды. 2023 жылы базалық мөлшерлемені жыл басындағы 16,75 пайыздан 15,75 пайызға дейін бірте-бірте төмендетті. Жыл басынан бері бұған дейін қабылданған екі шешімде де базалық мөлшерлеме төмендеді.