Банк пен қаржы

Екінші деңгейлі банктердің пайдасы наурызда 46 пайыз өскен

пайдасы
Банктердің таза пайдасы артқан. Фото:kursiv.media

Наурызда қазақстандық банктердің пайдасы 569,5 млрд теңгені құраған. Бұл ақпан айындағы 389,5 млрд теңге көрсеткіштен 46%-ға артық. Ұлттық банк банктердің кірісі мен шығысы туралы жиынтық есеп жариялады.

Ақпан айында ЕДБ-ның кірісі қаңтармен салыстырғанда 96,9% өскен. Қаңтар айында банктер 197,8 млрд теңге таза пайда тапқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша банк секторы 2,1 трлн теңге таза пайда иеленген болатын. Қазақстандық банктердің кірісі 8,65 трлн теңгеден 12,03 трлн теңгеге жеткен.

Екінші деңгейлі банктердің наурыздағы шығысы ақпан айымен салыстырғанда үштен бір есе өсіп, 11,46 трлн теңгеге жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шығыс 40%-ға азайған.

Қаржы ұйымдарының активтері наурызда 1,8%-ға өсіп, 52,9 трлн теңгені құрады. 2023 жылы банк секторының активтері  15,4% өсіп, 51,4 трлн теңгеге жеткен. Оған негізінен несие портфелінің 23,1%-ға өсуі ықпал етті. Өтімділігі жоғары активтері 15,1 трлн теңгені немесе активтердің 29,3%-ын құрады. Бұл өз кезегінде банктерге міндеттемелерін толық өтеуге мүмкіндік берген.

Ал қазіргі міндеттемелері 45,4 трлн теңгеге тең. Жиынтық капиталы 7,5 теңгені құрайды.

Ұлттық банктің статистикасы бойынша, Қазақстанда 21 банк жұмыс істейді. Соның 11-і шетелдің қатысуымен, 8-і – еншілес банктер. Наурызда S&P агенттігі Қазақстандағы бес банктің ұлттық шкала бойынша рейтиңін арттырған еді.

Агенттік Қазақстанның банк секторы соңғы жылдары аймақтағы геосаяси тәуекелдердің нашарлауы аясында макроэкономикалық тәуекелдерге төзімдірек болып шықты, деп санайды.  Өйткені актив сапасының көрсеткіштері мен нарықтық қаржылық көрсеткіштер агенттік болжам деңгейінен айтарлықтай жоғары болған.