Жаңалықтар

Қазақстанда биыл 60 млрд текше метр газ өндірілмек

60 млрд
Газ өндірісі көлемі артады. Фото: kursiv.media архиві

2024 жылы Қазақстан 60 млрд текше метр газ өндіруді жоспарлап отыр. «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңына сәйкес, Энергетика министрлігі QazaqGaz ұлттық компаниясымен бірлесіп, 2030 жылға дейін газдың болжамды балансын қалыптастырған.

Жалпы өндірістің 85 пайызын еліміздегі 3 ірі мұнай-газ кен орны: Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ қамтамасыз етпек. Теңіз кен орны биылғы жоспардың 27 пайызын өндірсе, Қарашығанақ – 38%, ал Қашаған 20%-ын қамтамасыз етеді.

2023 жылы Қазақстандағы газ өндірісі 59,063 млрд текше метрді құраған. Соның ішінде Теңіз кен орындары – 16,009 млрд м3, Қарашығанақ – 22,385 млрд м3, Қашаған 11,856 млрд м3 газ өндірген. Ал басқа кен орындарынан 8,813 млрд м3 газ алынған. 2024 жылы газдың болжамды балансына сәйкес, газ өндірісі 60,456 млрд м3 дейін өсуі ықтимал.

2024 жылға арналған тауарлық газ өндіру жоспары 28,054 млрд м3 тең. Газдың болжамды балансына сәйкес, 2024 жылы ағымдағы ішкі тұтыну 20,9 млрд м3 құрайды.

Газ өндірісінің қуаты қандай?

Қазақстан 2030 жылға қарай ілеспе газ өндірісін 87,1 млрд текше метрге жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа ірі кен орындарын кеңейту арқылы қол жеткізілмек.

«Ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары» бойынша, алдағы бірнеше жылда Қарашығанақ кен орны кеңейтіліп, Қашаған МӨЗ қуаты жылына 4 млрд м3 жеткізіледі.

Қарашығанақ кен орнының шикізат базасында қуаты жылына 4 млрд м3 газ өңдеу зауыты салынады, Бутадиен өндірісі бойынша зауыт салынады және оның өндіріс қуаты жылына 149 мың тоннаны құрайтын болады. Сонымен бірге қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешені салынып және жер қойнауын пайдалануға қатысты тағы да басқа ірі жобалар жүзеге асырылмақ.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 104 мұнай-газ өндіруші кәсіпорын 295 кен орнын игеріп жатыр.

Газ өндірісі Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік саласында шешуші рөл атқарады. Ел газ ресурстарына бай. Ал әлем бойынша Қазақстан 22-ші, ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-ші орында тұр. Барланған газ қорларының шамамен 98%-ы Қазақстанның батысында, бұл ретте 87%-ы ірі мұнай-газ және мұнай-газ конденсаты кен орындарында шоғырланған. Елімізде негізінен ілеспе мұнай газы өндіріледі. Бұл өндірілетін газдың 80%-ын Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол жобаларына тиесілі.