Ислам даму банкі Қазақстандағы су шаруашылығы жобаларын қаржыландырмақ

Жарияланды
Шығарушы редактор
су шаруашылығы
Ислам даму банкі су шаруашылығындағы жобаларға қаржы бөледі. Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ислам даму банкі Қазақстанның су шаруашылығы саласындағы жобаларды жүзеге асыруға түрлі грант пен қаржы бөледі. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, алғашқы транш биыл түседі.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Сауд Арабиясына сапары барысында ИДБ тобының президенті Мұхаммед Әл-Джассер, сондай-ақ инвестициялар мен экспорттық кредиттерді сақтандыру жөніндегі Ислам корпорациясының (ICIEC) бас атқарушы директоры Усама Каиссимен кездескен.

Мұхаммед Әл-Джассермен өткен кездесуде Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыру мәселесі талқыланған. Бұл мәселе – биылғы су тасқынына байланысты Үкіметтің басым міндеті болып тұр.

Қазір су қоймалары, гидротехникалық құрылыстар, ирригациялық жүйелерді салу әрі реконструкциялау, су үнемдеу технологияларын цифрландыру бойынша бірқатар шұғыл шара іске асырылмақ.

«Келіссөз қорытындысы бойынша ИДБ тобының ауқымды инвестицияларын ҚР су саласының жобаларына бағыттау, сондай-ақ жобалардың техникалық құрамдас бөлігін дайындауға гранттар бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Алғашқы транштар биыл жүзеге асырылмақ», – делінген министрлік хабарламасында.

ICIEC-пен келіссөздер аясында KazakhExport экспорттық-кредиттік агенттігі және Қазақстанның даму банкімен қайта сақтандыру, сақтандыру әрі кепілдік беру жөніндегі ынтымақтастық орнатылған. Компаниялар ICIEC-пен көлік инфрақұрылымы, сауданы қаржыландыру, сонымен қатар инвестицияларды сақтандыру саласында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі.

10 облысын су тасқыны басқан Қазақстан су шаруашылығы саласында үлкен реформа жүргізбек. Су шаруашылығы саласын басқару жүйесі, оның ішінде «ҚазСуШар», «Нұра топтық су құбыры» сияқты компаниялар түгелдей қайта құрылады. Сондай-ақ Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынады. Тағы 15-не кұрделі жөндеу жүргізіледі.

Қазақстандағы бөгеттер мен бөгендердің бәрі дерлік өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған. Заман талабына сай су қоймалары тапшы болғандықтан, биылғы тасқынның зардабы тіпті ауыр боп тұр.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су басқан өңірлерде гидротехникалық құрылыстарды басқаратын коммуналдық ұйымдар жоқ деді.  

Сондай-ақ оқыңыз