Таза пайдасы қысқарған Банк ЦентрКредит 2023 жыл үшін дивиденд төлемейді

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
Банк ЦентрКредит
Фото: kursiv.media

Банк ЦентрКредит 2023 жыл үшін дивиденд төлемейтін болды. Банк акционерлерінің жалпы жиналысы осындай шешім шығарған. Банктің таза пайдасынан неліктен дивиденд төленбейтіні нақтыланбаған.

Қаржы ұйымының 135 млрд теңге таза кірісі өткен жылдардың бөлінбеген таза пайдасы ретінде қалдырылды. Сонымен қатар акционерлер банктің 2023 жылғы аудиттелген шоғырландырылған және жекелеген жылдық қаржылық есебін бекітті. Одан бөлек, 6 адамнан тұратын директолар кеңесінің құрамы акционерлердің 2025 жылғы жиналысына дейін өзгермейді.

Банк 1988 жылы құрылған. Қазақстандағы іргелі коммерциялық банктердің бірі. «Банк ЦентрКредиттің» негізгі иелері – Бақытбек Байсейітов (40,11%) пен Владислав Ли (9,23%).

2022 жылғы таза пайдасы 145 млрд теңге болса, 2023 жылы 135 млрд теңге тапқан. Бір жылы ішінде актив көлемі 1 трлн теңгеден аса өсіп, 2022 жылғы 4,3 трлн теңгеден 5,2 трлн теңгеге жеткен. Міндеттемелері де 4 трлн теңгеден 4,8 трлн теңгеге өскен.

Банк ЦентрКредит Альфа-банкті сатып алғаннан кейін, активтер көлемі бойынша (2020 жылдан бері 234%-ға артқан) екінші деңгейлі банктер тізімінде үшінші орында. 2023 жылдың соңында банктің бір акциясы 997 теңгеге саудаланған.

Оның акциялары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізіміне 1999 жылдың 13 тамызында қосылған. 23 жыл ішінде құнды қағаздар 700 есе қымбаттаған. Ең бірінші сауда 2000 жылдың наурызында өтіп, бір акция 1,41 теңгеден саудаланған. Бағалы қағаздар бағасы жылдам өсіп, 2006 жылдың көктемінде рекордтық 2000 теңгеге жетті. Бұл баға 2009 жылғы әлемдік дағдарысқа дейін сақталды. Кейін акциялар арзандай бастады. 2021 жылға дейін акциялар бағасы төмен болды.

Ал 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында KASE индексі өсімінің негізгі дайверіне айналды. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары KASE индексі негізінен Банк ЦентрКредит, Kcell және Халық банкі акцияларының қымбаттауы есебінен өскенін атап өтті.

Банк ЦентрКредит биыл «BCC-HUB» ЖШС деп аталатын жаңа ұйым құрып, 100 пайыз акциясына иеленді.

Сондай-ақ оқыңыз