Тбилисиде «шетелдік агенттер» туралы заңға қарсы наразылық білдірушілер полициямен қақтығысты

Жарияланды
Тбилисиде «шетелдік агенттер» туралы заңға қарсы наразылық білдірушілер полициямен қақтығысты / REUTERS/Irakli Gedenidze, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Грузия астанасы Тбилисиде «шетелдік агенттер» туралы заңға қарсы шыққан наразылық білдірушілер полициямен қақтығысқан.

28 сәуірден 29 сәуірге қараған түн «Шетелдік агенттер» туралы заңға қарсы шыққан наразылық білдірушілер заңды қолдайтын «Грузин арманы» партиясы ұйымдастырмақ болған митингке келіп, партия өкілдеріне арналған сахнаны қоршап тұрған полициямен ашық қақтығысқа түскен. Билік арнайы әскери күштерді шақырған.

DW ақпаратына сүйенсек, жүздеген адамға қарсы полиция қызметкерлері көзден жас шығаратын газ қолданып, жаппай қамауға алуды бастаған. Билік алаңға арнайы күштер мен полицияның қосымша күштерін тартқан. Наразылық білдірушілерді парламент ғимаратына іргелес көшелерден ығыстырған. Арнайы күштер Руставели даңғылына су шашатын көліктерді алып келген.

Грузияның оппозициялық күштері соңғы бірнеше күн ішінде Парламенттің «шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заңды қабылдауына наразылық білдіріп, оны Грузия Парламентінен қайтарып алуды талап еткен. 28 сәуір күні кешке акция республика алаңында басталып, 20 мыңға жуық адам жиналған. Бұл алаңда билік партиясы өз жақтастарын жинап, аталмыш заңды қолдайтындарын көрсетпек болған. Алайда наразылық білдірушілер оларды алаңға кіргізбеген.

14 сәуірде Грузия парламентінің құқықтық мәселелер жөніндегі комитеті «шетелдік агенттер» туралы заңды мақұлдағаннан кейін наразылық акцияларында бірнеше адам ұсталды. Оппозициялық партиялар заң азаматтық қоғам мен баспасөз бостандығын басу үшін қолданылатын Ресейдің «шетелдік агенттер туралы» заңының көшірмесі деп бағалап отыр.

14 наурызда Қырғызстан Жоғарғы Кеңесі үшінші оқылымда «Коммерциялық ұйымдар туралы» заңға «шетелдік өкілдер» деген ұғымды енгізген. Заңға 2 сәуірде президент Садыр Жапаров қол қойып, ол ресми күшіне енген. Қырғызстанда дәл Ресейдегідей – шет мемлекеттер, олардың мемлекеттiк органдары, халықаралық және шетелдiк ұйымдар қаржыландыратын ұйым мен жекелеген тұлғалардың қызметі қадағалана бастайды.

17 сәуірде миллиардер, филантроп Джордж Соростың Open Society Foundations қоры Қырғызстандағы қызметін толықтай тоқтатқан. Елде халықаралық ұйымдардан қаржыландырылатын жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне шектеу ережелерін енгізетін жаңа заң қабылданғаннан кейін, Сорос қоры Қырғызстандағы ұйымын жабуды жөн көрген. 

Сондай-ақ оқыңыз