Жаңалықтар

Кентау, Риддер және Қызылорда жылу электр орталықтарын жаңғыртуға үкімет резервінен 16 млрд теңге бөлінді

жаңғыртуға
ЖЭО-ларды жөндеуге үкімет резервінен 16 млдр теңге бөлінеді Фото: kursiv.media. Бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Кентау, Риддер және Қызылорда ЖЭО-ларын жаңғыртуға үкімет резервінен 16 млрд теңге бөлінді. ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов осы қалалардағы жылу көздеріне реконструкция және күрделі жөндеу жүргізу үшін Үкімет резервінен қаржы бөлу туралы қаулыларға қол қойған. Бұл туралы баспасөз қызметі хабарлайды.

Атап айтқанда, Кентаудағы ЖЭО-5-тің № 7, 8, 9, 10, 11 және 12 қазандықтарын жаңғыртуға 9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді.

Ал Риддер жылу электр орталығының технологиялық жабдықтары мен инфрақұрылымына күрделі жөндеу жүргізуге – 4,9 млрд теңге жұмсалады.

Қызылордадағы оңтүстік қазандықтың үш бу қазандығын реконструкциялауға – 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

«Қабылданып жатқан шаралар алдымыздағы жылыту маусымында Кентау, Риддер және Қызылорда тұрғындарын жылумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек», – делінген хабарламада.

Жалпы еліміз бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Ақтөбе, Екібастұз, Степногор, Рудный, Балқаш және Ақсу қалаларындағы 10 энергоблок, 55 қазандық пен 45 турбинаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Сонымен қатар инвестициялық келісімдер аясында осы күндері Екібастұздағы ГРЭС-1-дің №1 энергоблогында қалпына келтіру және Атыраудағы ЖЭО мен Топардағы ГРЭС-те турбоагрегаттарды ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Екібастұз ГРЭС-інде №3 энергоблок құрылысы, сондай-ақ Өскемендегі ЖЭО мен Қарағандыдағы ЖЭО-3-ті кеңейту бойынша жобалар жоспарланған.

Риддер жылу орталығындағы апат

2022 жылдың қарашасында Риддерде жылу электр орталығындағы ірі апатқа байланысты төтенше жағдай енгізілген. Қаладағы төтенше жағдай режимі төрт айдан кейін, 2023 жылдың ақпан айының ортасында алынып тасталды. Алайда наурыз айында ЖЭО-да тағы да жарылыс болып, № 6 қазандық аймағындағы жанармай беру галереясында көмір шаңы пайда болды. Жарылыс толқыны шамамен 80 шаршы метр қоршау құрылымын қиратқан.

Осы жарылыстан кейін қалада тағы да ТЖ жарияланып, Риддер ЖЭО-сын коммуналдық меншікке сатып алу туралы шешім шығарылған.

Былтыр маусым айының басында жылу қазандығын жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі басталды. Жөндеу жұмысы толық біткен соң ол «Өскемен жылу желілері» АҚ балансына өткізілетіні хабарланды.

Риддер ЖЭС-інің қарызы 3,3 млрд теңгеден асқан. Меншік иелері бұл нысанды пайдаланғанда тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізбеген.

Риддер ЖЭО-сын жөндеуге 8,3 млрд теңге жұмсалатыны хабарланған. Орталықты жөндеуге жұмсалған 7,2 млрд теңге үкімет резерзінен бөлінген. Орталықтағы қазандықтар 1956 жылы салынған екен. Қаншама жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген. Ал қазір 6 қазандық та күрделі жөндеуді қажет етеді.

Кентау мен Қызылордадағы ЖЭО-ның жағдайы қандай?

Жалпы Қазақстандағы 37 жылу электр орталығының 19-ы апатты жағдайда тұр. Бүкіл ЖЭО жабдықтары 66 пайызға тозған. Оларды жөндеп, жаңғыртуға  182 млрд теңге қажет екені айтылған.

Бұл ретте Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, мен Кентау қалаларындағы ЖЭО-ның тозуы 80%-дан асады. Елдің ЖЭО-ның пайдалану мерзімі 61 жылды құраса, соның ішінде шамамен 76%-ының жұмыс істеп тұрғанына 50 жылдан асқан.

3 сәуірде Мәжіліс кулуарында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ЖЭО-ларды жөндеуге шамамен 380 млрд теңге қарастырылғанын айтты.

Бұл қаржының 361 миллиард теңгесі тариф және станция иелерінің қаражаты есебінен бөлінбек. Қалған 20 миллиардқа жуық теңге үкімет резервінен мемлекеттің араласуын қажет ететін нысандарға бөлінеді.

Бұндай қомақты қаржыны жинау үшін жылу мен электр тарифі көтерілмек. Министр тарифтердің күрт өсуіне жол берілмейтінін алға тартты. Бағалар Ұлттық экономика министрлігі бекіткен дәлізден аспауы тиіс. Инфляциялық жағдай да ескерілетін болады