2024 жылдың соңына дейін электр энергиясын өндіруге арналған шекті тариф өзгермейді. Өйткені жыл басында тариф біршама өскен болатын. Соған қарамастан, электр өндіруші ұйымдар шекті тарифті көтеруді сұрап, үнемі өтініш тастап отырады. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты.
«Олар (электр станцияларынан тариф көтеруге өтінім – курсив) тұрақты түрде беріледі, бірақ біз былтыр бүкіл дерлік шығыны ақтайтын тариф енгіздік. Сондықтан жыл соңына дейін тариф көтеруді жоспарлап отырған жоқпыз», – деді.
Бұл ретте вице-министр Энергетика министрлігі 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап энергетика кәсіпорындарының тарифін көтергенін еске салды.
«Өздеріңізге белгілі, халыққа арналған тарифтерді Монополияларды реттеу комитеті бекітеді. Біз тек электр станциялары сататын тарифті бекітеміз. Біз оларды 1 қаңтардан көтергенбіз, сондықтан жақын арада электр станциялары үшін электр энергиясы тарифі қымбаттамайды», — деді Есімханов.
Дегенмен вице-министр биыл отын бағасының қымбаттауына байланысты тариф қымбаттап қалуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Көмір мен газ бағасы қатты көтеріліп кетсе, өндірілетін энергия құны да жоғарылайды. Өйткені электр энергиясын өндіруге жұмсалатын шығынның 60 пайызы отынға кетеді. Шенеунік мұндай мәселені кешенді түрде қарастыру керек екенін атап өтті.
2023 жылғы 1 маусымнан еліміздің кейбір аймақтарында электр энергиясының тарифі көтерілген еді. Еліміздегі 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сі шекті тарифті түзетуге өтінім берген. Соның ішінде 20 энергия өндіруші ұйымның тарифі бұрынғы деңгейде сақталған. Сол кезде 27 энергия өндіруші ұйымның тарифі шамамен 24% өскен болатын.
Былтыр жыл соңына қарай Қостанай мен Павлодарда электр энергиясының тарифі 1,9 есе өскен.