Жаңалықтар

Грузия депутаттары «шетелдік агенттер» туралы заңды мақұлдады: грузин халқы бұл шешімге қарсы ереуілге шықты

Грузия парламентінің 83 депутаты «шетелдік агент» туралы заң жобасын қолдаған / Фото: kursiv.media

Грузия парламенті сәрсенбі күні «шетел агенті» туралы заңды екінші оқылымда мақұлдады. Ресейдің «иноагенттер» туралы заңымен ұқсас келетін бұл заң жобасына көпшілік қарсы шықты.

Аталмыш заң жобасын парламенттегі 150 депутаттың 83-і қолдаған. Қолдағандардың барлығы ​​«Грузин арманы» билеуші партиясы мен солардың жақтастары, «Халық күші» партиясының депутаттары. Жобаны бірінші оқылымда да осы құрам мақұлдаған.

Заңға 23 депутат қарсы дауыс берген. Ал оппозициялық партия дауыс беруден қалыс қалған.

Қарсылық білдірушілер сәрсенбі күні Парламент ғимараты алдына жиналды. Полиция ереуілге шыққан біраз адамды тұтқындаған. Заң мақұлданған соң, Грузияның Ішкі істер министрлігі депутаттардың қауіпсіз шығуын қамтамасыз етіп, парламент маңындағы аумақты босатқанын мәлімдеген. Ереуілдеушілер мен полиция арасындағы қақтығыста 11 адам зардап шеккен. Оның ішінде 6 полиция қызметкері бар. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, ереуілге шыққандардың дені студенттер мен жастар.

Ереуілдеушілердің қарсылығына қарамастан, Грузия билігі бұл заңнан бас тартпайтынын жеткізген.

«Бұл мәселе бойынша ымыраға келуге болмайды. Мамыр айының ортасында бұл заң қабылданады, ал бірнеше аптадан кейін президенттің ветосы парламентте ескеріледі, содан кейін заң күшіне енеді», – деп мәлімдеген елдің премьер-министрі Ираклий Кобахидзе.

Еске сала кетсек, осыған ұқсас заңды Қырғызстан да қабылдады. Бұл заң жобасын депутаттар 14 наурыз күні мақұлдады. Жогорку Кенеш заң жобасының коммерциялық емес ұйымдардың, оның ішінде шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ шетелдік өкілдің функцияларын жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдардың қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында әзірленгенін мәлімдеген.

Бұл заң күшіне енсе, Қырғызстанда дәл Ресейдегідей – шет мемлекеттер, олардың мемлекеттiк органдары, халықаралық және шетелдiк ұйымдар қаржыландыратын ұйым мен жекелеген тұлғалардың қызметі қадағалана бастайды.  

Айта кетсек, дәл осы заң жобасына қатысты АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен өз алаңдаушылығын білдірген болатын. Алайда Қырғыз президенті Садыр Жапаров Блинкеннен Қырғызстанның ішкі істеріне араласпауды сұрады.

Жапаров заң жобасын Қырғыз мемлекеті осы коммерциялық емес ұйымдарға қаржының қайдан келетінін, қалай, қандай мақсаттарға жұмсалатынын бақылау мақсатында әзірлегенін айтты.