Жаңалықтар

Есірткі қылмысымен ұсталғандар өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін – Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

Есірткі өндірумен айналысқан азаматтар үшін жаза күшейтіледі / коллаж: kursiv.media бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Енді есірткі өндіргендер өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар жасырын зертхана ашып, есірткі өндірген азаматтарды өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейтін заңды бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленген. Құжат нашақорлық пен есірткі бизнесіне мемлекеттік және қоғамдық қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған.

«Синтетикалық есірткі аз уақытта әлемге кең тарап кетті. Қазақстан да бұл «жаңашылдықтан» қалыс қалған жоқ. Синтетикалық есірткі дәстүрлі есірткілер – кокаин, героинге қарағанда арзан және қолжетімді. Мұндай есірткінің өндірісі де қарапайым, ерекше бір дайындық пен дағдыны талап етпейді. Синтетиканың барлық компоненті заңды және қолжетімді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады. Елімізде есірткі өндірушілер «синтетиканы» өнеркәсіп деңгейінде жасап жатыр. Оларға керекті жабдықтар мен химикаттарды, прекурсорларды тасымалдауды «пысық» диллерлер тұрақты схемаға айналдырған » – деп атап өтті комитет төрайымы Снежанна Имашева.

Депутаттың дерегінше, 2019 жылы – 3, 2020 жылы – 8, 2023 жылы 81 астыртын жұмыс істеген зертхана жойылған. Жыл басынан бері 31 есірткі зертханасы жойылған. 10 тоннадан астам прекурсор тәркіленген. Осыған орай депутат  синтетикалық есірткіге қарсы күресте әдісті өзгерту маңызды деп есептейді.

«Бұл есірткі қылмысына қарсы күресті прекурсорлар мен зертханалық жабдықтарды заңсыз жеткізудің жолын кесуден бастау керек екенін көрсетеді. Неғұрлым тиімді шара. Бірақ қолданыстағы заңнамада олардың контрабандасы үшін ғана жауапкершілік белгіленген, ал прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Сондықтан Қылмыстық кодекстің 301 және 303-баптарына прекурсорларды заңсыз дайындағаны, өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны және жөнелткені үшін қылмыстық жауапкершілікті, яғни олардың заңсыз айналымы үшін, сондай-ақ олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылықты көздейтін түзетулер енгізу ұсынылады», – деді Снежанна Имашева.

Дәріханаларда күмәнді препараттар балаларға ашық сатылып жатыр

Депутат дәріханада сатылатын күмәнді дәрілерді бақылауға алатын кез жеткенін де мәлім етті. Оның айтуынша, жасөспірімдер трамадол, тропикамид, азот тотығы, сомнол, прегабалин және тағы сол сияқты медициналық препараттары тым көп пайдаланып жатыр.

«Бұл заттарды есірткіге тәуелді адамдар синтетикалық есірткінің әсерін күшейту үшін пайдаланады. Соның салдарынан сұраныс та айтарлықтай өсті. Мәселен, нашақорлар тропикамид тамшысын (көзге тамызатын – авт.) мұрынға тамызады немесе көктамырға жібереді және осылайша галлюциноген әсерін алады немесе синтетикалық есірткінің әсерін күшейтеді», – деді депутат.

Снежанна Имашева атап өткендей, күмәнді дәрілік заттарды рецептсіз бергені және олармен жұмыс істеу қағидасын бұзғаны үшін тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

«Бұл жағдай осы препараттарды медициналық емес мақсатта сататын қасқойлерге тосқауыл бола алмай тұр. Сондықтан жобада аталған медициналық препараттар құрамы бар күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы, олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны, сондай-ақ оларды ұрлағаны үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу ұсынылады. Сондай-ақ прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды дайындауға немесе өңдеуге арналған құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы да қылмыстық жазаға тартылуы керек», – деді Снежанна Имашева.

Комитет төрайымы  «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске түзетулер енгізілетінін мәлім етті.

«Психикалық белсенді заттарды қолдануға байланысты мәжбүрлеп емделген адамдар арнайы медициналық көмек көрсететін ұйымнан шыққаннан кейін тұрғылықты жері бойынша, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда динамикалық тұрғыдан қаралуға жататындығы туралы норма көзделген және ол жерде денсаулығын күту үшін әрі қарай ем қабылдауға міндетті», – деді депутат.

Ал, ІІМ орынбасары Айдос Рысбаев Мәжіліс кулуарында құжатта есірткі өндіру әрекеті есірткі қылмысының аса қауіпті түріне теңестірілетінін айтты. Осылайша, есірткі өндірумен айналысқандарға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.

«Бүгінде есірткі қойып кетуші оны өндіруші сияқты жазаға тартылады. Егер біз осы заңды күшейтетін болсақ, онда 15 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны көздейді. Егер адам қылмыс жасайтын болса, сот оны қамауда алу туралы шешім шығарса, біз қамауға алатын боламыз. Біз жасырын есірткі зертханасын ашатындар үшін жауапкершілікті арттырдық. Бұл бірінші оқылым, мәселе әлі талқыланады», – деді Айдос Рысбаев Мәжіліс отырысынан соң.

Айта кетейік жуырда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев Президентке есеп берді. Комитет басшысының мәлімдеуінше, есірткі бизнесіне қарсы күрес аясында 16 операция жүргізілген. Есірткі тасымалдайтын 18 халықаралық және 9 өңірлік арна, сондай-ақ 10 есірткі зертханасы жойылғанын атап өтті. 800 келіден астам есірткі және психотроптық заттар, 14 тонна химиялық реагенттер мен көкнәр шикізаты тәркіленген.