Жаңалықтар

KEGOC 2023 жылғы таза пайдасының 97 пайызын дивиденд төлеуге жұмсайды

дивиденд
Фото: KEGOC баспасөз қызметі

KEGOC 2023 жылғы таза пайданың 97%-ын, яғни 42,1 млрд теңгені дивиденд төлеуге жібереді. Бір қарапайым акцияға 157,24 теңге төлемек. Дивиденд мөлшері туралы шешім 2024 жылдың 2 мамырында акционерлердің жылдық жалпы жиналысында қабылданған.

2023 жылдың екінші жартыжылдығында компанияның бір қарапайым акциясына төленетін дивиденд көлемі 79,5 теңгені құрайды. Бұған дейін 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша «KEGOC» АҚ акционерлерге бір акцияға 77,74 теңге дивиденд төлеген болатын.

«Осылайша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша дивидендтерге бір жылдағы таза пайданың 97%-ы, 42,1 млрд теңге немесе бір қарапайым акцияға 157,24 теңге мөлшерінде бағытталатын болады»,- делінген хабарламада.

2023 жылдың екінші жартыжылдығында компания акциялары бойынша дивиденд алуға құқығы бар акционерлер тізімі 24 мамырда тіркеліп, 30 мамырда дивиденд төлеу басталады.

Акционерлер сонымен қатар «KEGOC» АҚ Директорлар Кеңесінің құрамын бекіткен. 7 адамнан тұратын кеңеске Ернат Бердіғұлов, Қаныш Молдабаев, Мирас Қияқов, Нәби Айтжанов, Нұрлан Аханзарипов, Марат Дулкаиров, Дамир Сүйентаев енген. «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып Ернат Бердіғұлов тағайындалды. Жаңадан сайланған директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі 3 жылды құрайды.

2023 жылы KEGOC-тың таза пайдасы 60%-ға артып, 42,7 млрд теңгені құраған. Компания қызметінде негізгі нәтижелерге жетуіне Батыс энергетикалық хабының электр желілерін нығайту бойынша ірі инвестициялық жобаның аяқталуы себеп болған. Сонымен бірге қайталама акцияларды орналастыру (SPO), ҰЭТ пайдалану бойынша жаңа қызметтің пайда болуы және Қазақстан Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) Оңтүстік аймағын нығайту жобасын іске асыру оң нәтиже берген.

2023 жылдың қараша айында компания акциялары қайта орналастыруға (SPO) шығарылды. Компания қайталама нарыққа акцияларының 5 %-ын орналастырған. Нәтижесінде «Самұрық-Қазына» АҚ үлесі 85%-ға дейін қысқарды. Бүгінде компанияның 85% акциясы «Самұрық-Қазына» қорына, 6,87%-ы БЖЗҚ-ға тиесілі болса, қалғаны еркін айналымда жүр