Су басқан аймақтарға азық-түлік арзан бағада баруы керек: антикор бағаны негізсіз көтергендерді тексереді

Жарияланды
Бұл ,әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін өзекті / Коллаж. архив kursiv.media

Cу тасқынынан зардап шеккен аймақтарға азық-түлік бағасы делдалдарсыз, неғұрлым қолжетімді бағамен жеткізілуге тиіс. Бұл жайында антикордың жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігіне арналған Мәжіліс жиынында айтылды.

Агенттік төрағасы Асхат Жұмағали азық-түлік бағасын реттеу кезінде жемқорлық болмау үшін жағдай ерекше бақылауда болатынын мәлімдеді. Бұл мәселе, әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін өзекті екенін жеткізді. Сол себепті Асхат Жұмағали аумақтық бөлімшелерге бұл процестің барлығына мониторинг жүргізуді тапсырды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары кез келген жемқорлық құқық бұзушылықтардың, оның ішінде заңсыз пайда алуға бағытталған түрлі құқыққа қарсы схемаларды құруға байланысты құқық бұзушылықтардың жолын кесетін болады. Баға белгілеуге теріс әсер ететін жемқорлық факторларына, оның ішінде тараптардың үлестестігіне, мемлекеттік аппарат тарапынан негізсіз әкімшілік кедергілер құруға, нарыққа жосықсыз қатысушылар тарапынан айла-шарғы жасауға және теріс пайдалануға ерекше назар аударылатын болады», – делінген Антикор хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Серік Жұманғарин өңірлердегі, әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасы мен қолжетімділік жағдайы бойынша кеңес өткізген еді. Жиында мәлім болғандай, елде жекелеген тауарлар бойынша қант бағасының шамалы өсуі байқалады. Бұл Ресей Федерациясында қант қызылшасын өңдеудің аяқталуына және өндірушілердің сату бағасының өсіруіне байланысты.

Қазақстанда азық-түлік бағасы құбылып тұр

Айта кетейік, кезекті үкімет сағатында Премьер-министр Олжас Бектенов елде күріш, жұмыртқа, жемістер мен сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттағанын айтқан еді.

Үкімет басшысы үкімет пен Ұлттық банктің алдында  инфляциялық қысымды төмендету мәселесі тұрғанына тоқталды. Осы жылдың алғашқы екі айында инфляция 9,3 пайыздық мәнде тұрақтаған. Биыл көрсеткішті 8 пайызға төмендету көзделген.   

«Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ды құрады. Биыл Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында оны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр. Күріш, жұмыртқа, жемістер, сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Көріп отырғанымыздай, бағасы өсіп кеткен позициялардың саны едәуір көп», – деді премьер-министр. 

Сондай-ақ оқыңыз