Ұлттық қордағы қаражат бір ай ішінде 200 млрд теңгеге азайды – Қаржы министрлігінің есебі

Жарияланды
Ұлттық қордан бюджетке аударылған трансферт 480 млрд теңгені құрады / коллаж kursiv.media, бильд редактор: Денис Андреев

Қаржы министрлігі Ұлттық қордағы қаражат көлеміне қатысты ай сайынға есебін жариялады. Ақпаратқа сәйкес, Ұлттық қорда қазір 28, 6 трлн теңгеден аса қаражат бар. Наурыз айының соңындағы көрсеткіш бойынша оның көлемі 28,8 трлн теңге болған еді. Бір ай ішінде қор қаражаты 200 млрд теңгеге қысқарған.

Жалпы 2024 жылдың 1 қаңтарында Ұлттық қордағы қаражат көлемі 29,1 трлн (29 111 476 663 8,5) теңге болған еді.

Ал наурыз айында мақсатты трансферттер үшін Ұлттық қордан 411 млрд теңге алынды. Сәуір айында да дәл осындай сомада мақсатты трансферттер бюджетке аударылды.

Жалпы 2024 жылдың басынан бері Ұлттық қордан 1,9 трлн теңге қаражат алынған. Осы мерзім аралығындағы кепілдік берілген трансферттер 1,5 трлн теңгені құрады. Ал бір ай ішінде бюджетке кепілдік берілген трансферттер көлемі 480 млрд теңгені құраған.

Қорды басқаруға және жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізуге байланысты шығыстарды жабу шыққан шығын көлемі жыл басынан бері 5,2 млрд теңге жұмсалыпты. Наурыз айында бұл көрсеткіш 1,6 млрд теңге болған. Яғни қордың осы мақсаттағы шығындары да бір ай ішінде 3,5 млрд теңгеге ұлғайған.

Айта кету керек, Halyk finance сарапшылары биыл Ұлттық қордан бюджетке аударылатын трансферттер көлемі ұлғаюы мүмкін екені туралы қауіп білдірген еді.

Жалпы, Ұлттық банктің дерегінше, қаңтар айында Ұлттық қордан $1,05 млрд валюта сатылған. Ақпан айында Ұлттық қордан 609 млн доллар сатылды. Ал наурыз айында Ұлттық банк 700-800 млн АҚШ долларына тең валюта сатуды жоспарлаған еді.

Бұған дейін жазғанымыздай, Ұлттық банк сәуір айында Ұлттық қордан 1, 06 млрд долларға тең валюта сатқан. Бұл қаржы республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз етті. Ал мамыр айында бас банк Үкіметтің алдын ала өтініміне сай, Ұлттық қордан 750-850 долларға дейін валюта сатуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз