Жаңалықтар

Қазақстандықтар Вьетнам еліне 90 күнге визасыз бара алады

Қазақстандықтар енді Вьетнамға визасыз бара алады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстандықтар енді Вьетнамда 90 күнге дейін визасыз жүре алады. Екі ел визасыз келісімге қол қойды.

«2023 жылғы 21 тамызда Ханой қаласында (Вьетнам) қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім 2024 жылғы 25 мамырдан бастап күшіне енеді», – деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров брифинг барысында.

Келісім екі елдің азаматтары – ұлттық паспорттардың иелері үшін визалық талаптардың күшін жоюды көздейді.

 «Екі елдің азаматтары Қазақстан немесе Вьетнамға кірген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн, ал 6 айдың ішінде жалпы алғанда 90 күнтізбелік күн бола алады», – деді СІМ өкілі.

Айта кетейік бұған дейін Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев және Қытайдың Макаодағы Арнайы әкімшілік және әділет хатшысы Чонг Вэн Чон визасыз режимге қол қойған болатын. Қазақстан мен Макао Арнайы әкімшілік ауданының Үкіметі 14 күнге дейінгі мерзімге визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге келген.

2024 жылдың 6 қаңтарынан бастап қазақстандықтар Сейшель Республикасына визасыз бара алады. Қазақстан Үкіметі мен Сейшель Республикасының Үкіметі 2023 жылдың 22 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында өзара визалық талаптардан босату туралы келісімге келген.

Қазақстан азаматтарына визасыз баруға болатын елдер тізімі жыл сайын артып келеді. 2024 жылы қай елдерге визасыз баруға болатынын тізіп шыққан едік. Шенген аймағынан тыс Еуропа елдері мен Азияның бірқатар елдеріне есік ашылды. Үш айға дейін визасыз жүруге болатын елдер саны артты.

2024 жылы саяхатқа шығуды жоспарласаңыз, тізімдегі елдердегі саяси жағдайды анықтап алғаныңыз абзал. Украина, Ресей, Беларусь аумағы мен Таяу Шығыс елдеріне ұзақ мерзімге жоспар құрмаңыз. Егер Қырым немесе Абхазия, Оңтүстік Осетияға барып жатсаңыз, Украина мен Грузияға кіргенде қиындық болуы мүмкін.

Бірқатар елдерге шетелге шығатын паспорт жасамай-ақ, ішкі жеке куәлікпен баруға болады: Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Әзірбайжан.