Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды 9 мамыр Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
«Құрметті отандастар! Баршаңызды Жеңіс күнімен құттықтаймын! Біз 9 мамырда бейбіт өмір мен тыныштықты қорғау жолында құрбан болып, майдан даласынан қайтпай қалған батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Соғыс және тыл ардагерлеріне шексіз ризашылық білдіріп, айрықша құрмет көрсетеміз», – деп бастады құттықтауын.
Сонымен қатар Президент Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, жер бетінде әділдік пен бостандықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті. Аға буынның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатыны сөзсіз.
«Бүгінде біз ұлтымыздың қаһарман ұл-қыздарының арқасында алаңсыз еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, жарқын болашаққа қадам басып келеміз. Сол үшін оларға мәңгі қарыздармыз. Ешкім де ешқашан ұмытылмайды! Ардагерлерімізге әрдайым бас иеміз!», – деді.
Сондай-ақ Президент бейбітшіліктің қадірін түсініп, оны сақтай білуге шақырып, қазақстандықтарға зор денсаулық, толағай табыс тіледі!
«Жеңіс күні құтты болсын!», -деп қорытты құттықтау сөзін.
Кеше, 8 мамыр күні, Тоқаев «Отан Ана» монументіне гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті.
Еске сала кетер болсақ, Президент Мәскеуде 9 мамыр күні өтетін әскери шеруге қатысады. Бұл шеруге Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Орта Азия елдерінің де басшылары қатысады.