Алматы тұрғындарының мегаполистен қоныс аударуы жиілеуде. 2024 жылдың бірінші тоқсанында 20,9 мың адам басқа өңірлерге тұрақты түрде тұру үшін көшкен.
Осылайша, кеткендер көрсеткіші өткен кезеңмен (жылдың I тоқсанымен) салыстырғанда 25%-ға дерлік өсті (4,1 мың адам). Мұндай өсім 2018 жылдың басынан бері байқалмаған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, алматылықтар ел ішіндегі жаңа тұрғылықты жері ретінде көбіне Алматы облысын (10 мың адам) таңдаған. Астана қаласы екінші орында (2,9 мың адам).
Соған қарамастан Алматыға басқа өңірлерден көп адам келді (30,1 мың адам). Алматы қаласына негізінен аталған облыстың тұрғындары (12,8 мың адам) көшті.
Биыл мегаполис жер сілкінісінен зәрезап болды. 23 қаңтар күні Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта 5 балдық жер сілкінісі тіркелді. 8 адам зардап шекті. 70-ке жуық көпқабатты үйдің қабырғасына сызат түсті. Осы оқиғадан кейін дүмпу көбейді. Жер сілкінісінен кейін қала маңындағы үйлерге сұраныс көбейген. Мамандар Алматыдан адамдардың көшіп кетуін табиғи апат үрейімен байланыстырады.