Атырау облысында Жайық өзенінің деңгейі әлі көтеріліп жатыр. Кейбір елдімекендерді әлі де су басуы мүмкін. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
ТЖМ өкілдерінің айтуынша, қорғаныс бөгеттері Атырау облысы Жайық өзеніндегі су деңгейін төртінші күн ұстап тұр. Бүгінгі күні өңірде жалпы ұзындығы 520 км-ден асатын су тасқынына қарсы бөгеттер салынған.
«Қазгидромет» РМК гидрологиялық мониторинг деректері бойынша ағымдағы жылғы 11 мамырда сағат 09-00-дегі жағдай бойынша Атырау-533 см. тәулігіне + 5 см, Индербор ауданы 1026 см. тәулігіне +12 см, Махамбет ауданы 939 см. тәулігіне +15 см», – делінген хабарламада.
Жайық-Индербор және Жайық-Махамбет гидропостында су мөлшері шектік белгіден асып кеткен. Су тасқыны жағдайы ТЖМ құтқарушыларының бақылауында.
Айта кетейік, Сербия республикасы су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде 1 млн еуро жіберген.
«10 мамырда «Қазақстан халқына» қорының есепшотына Сербия үкіметінен су тасқынынан зардап шеккен аудандарда үй салуға 1 миллион еуро түсті. Бұл – екі ел арасындағы ұзақ мерзімді серіктестік пен достықтың символы»,- деп хабарлады «Қазақстан халқына» қорының баспасөз қызметі.
Бүгінде су тасқыны салдарынан үйі мен мал-жайын тастап көшкен 51 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралған. Ал уақытша орналастыру пунктерінде 5 мыңнан астам қалған.
Айта кетейік, биыл еліміздегі бірнеше өңірде су тасыды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.