Tesla Supercharger зарядтау станцияларының желісін кеңейтуге 500 миллион доллардан астам қаражат жұмсамақшы. Бұл жайында компанияның бас атқарушы директоры Илон Маск мәлімдеді.
Бір аптадан астам уақыт бұрын компания жаңа зарядтау станцияларын салумен айналысатын барлық қызметкерді жұмыстан шығарған болатын. Бұл акция бағасының төмендеуіне әкелді. Дегенмен Илон Масктың қабылдаған бұл шешімі мен жоспары инвесторларды айтарлықтай қызықтырмады. Tesla акциялары саудада тағы да құлдырады.
Bloomberg атап өткендей, «500 миллион доллардан астам» сомасы Tesla-ның зарядтау желісіне салған бұрынғы инвестицияларымен салыстыру мүмкін емес. Компания Supercharger станцияларының саны туралы тоқсан сайын есеп береді, бірақ оның шығындарын үнемі ашып көрсетпейді.
Tesla акциялары арзандады
Осының алдында ғана өнім шығару бөлімінің басшысы Рич Отто өзінің компаниядан кететінін хабарлаған еді. Қоштасу хатында ол компаниядағы жаппай жұмыстан босатуға қарап, Тесланың ұзақ мерзімді табысқа қарай бара жатқанына күмәнданып қалғанын айтқан.
«Алып компаниялар қашан да ғажап адамдар мен тамаша өнімдерден тұрады, ал тамаша өнім – тек қызметкерлер жақсы жұмыс істегенде ғана мүмкін болатын нәрсе. Компанияны да, оның рухын да теңселткен мына жұмыстан босату науқаны сол үйлесімді бұзды, [енді] бұл ұжымда келешекті көздеген ойын бар деу қиын», – деп жазды Tesla-да жеті жыл жұмыс істеген Отто.
Еске салсақ, бұған дейін Tesla компаниясы электромобильдерге сұраныстың баяулауына байланысты әлем бойынша қызметкерлерінің 10%-дан астамын қысқартатынын мәлімдеген еді. Илон Масктің мұндай шешімге келуінің бір себебі – шығындарды қысқарту. Сондай-ақ компаниядағы көптеген лауазымдық функциялар бір-бірін қайталайтыны айтылған.