Жаңалықтар

Прокурор Бишімбаевты не себепті өмір бойына соттауды сұрамағынан түсіндірді

Прокурор жарыссөз барысында бұрынғы Ұлттық экономика министрін 24 жылға соттауды сұрағанын айтты / Коллаж: kursiv.media

Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова мен Саяхат Нұрбеков сотталушы Қуандық Бишімбаевты не себепті өмір бойына соттауды сұрамағанын түсіндірді.

Прокурор Саяхат Нұрбеков жарыссөз барысында бұрынғы Ұлттық экономика министрін 24 жылға соттауды сұрағанын айтты.

«Бишімбаевты түпкілікті 24 жылға соттауды сұрадық. Істің мән-жайы, жазаны жеңілдететін және ауырлататын жағдай ескерілді. Республика бойынша кейінгі 5 жылда осындай істер бойынша өмір бойына соттау жазасы тағайындалмаған»,– деді Саяхат Нұрбеков.

Айжан Аймағанова айыптау тарапы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінде көрсетілген ең ауыр жаза – 20 жылға соттауды сұрағанын айтты. Ал Қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша ең ауыр жаза – 7 жыл. Прокурорлар Бишімбаевты осы мерзімге соттауды сұраған. Алқабилер мен судья екі бап бойынша ең ауыр жазаны ішінара қосу арқылы үкім шығарған.

«Сот қылмыстық құқықбұзушылықтарды ішінара қосу арқылы түпкілікті 24 жыл тағайындады. Бұл – осы бап санкциясында көрсетілген ең жоғары мерзім», – деді Айжан Аймағанова.

Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды. Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.

 11 наурызда өткен сотта Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Бірақ бұл айыптармен келіспеген ол істі алқабилердің қатысуы және ашық режимді қарауды сұрады. Сот Үкімімен Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал, Бишімбаевтың туысы, Байжанов Бақытжан Әмірханұлы аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін, Қылмыстық кодекстің 432-бабында қарастырылған айыпқа сәйкес, кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығын айыру туралы сот үкімі шықты.