Жаңалықтар

Тбилисиде полиция «шетелдік агенттер» туралы заңға наразылық білдірушілерді күшпен тарата бастады

Тбилисиде наразылық акциялары өтуде / REUTERS/Irakli Gedenidze, бильд-редактор: Денис Андреев

Грузия астанасы Тбилисиде полиция «шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасына қарсы наразылық білдірушілерді күшпен тарата бастады. 

DW ақпаратына сүйенсек, 13 мамырға қараған түні наразылық білдірушілер түні бойы Парламент ғимараты алдында болуды жоспарлаған. Алайда полиция оларды алаңнан ығыстырып, ондаған адамды қамауға алды. Акцияға қатысушылар полицияның көзден жас шығаратын газ қолданып жатқанын хабарлаған. 

Парламенттің заң комитеті 13 мамырда ел арасында «шетелдік агенттер» заңы аталған жобаны үшінші оқылымда дауыс беруге дайындауды жоспарлаған. Наразылық білдірушілер таңертең «Грузин арманы» партиясының депутаттарын парламент ғимаратына кіргізбейтінін айтқан.

Грузияның ішкі істер министрі Вахтанг Гомелаури 13 мамырда ерекше маңызды мемлекеттік нысандарды топтық қоршауға алған азаматтардың 4 жылға дейін бас бостандығынан айрылатынын айтқан. 

Елдің билеуші партиясы ұсынған «шетелдік агенттер» туралы заңға қарсы жаппай наразылық сәуірдің ортасынан басталған. Оларды Грузия президенті Саломе Зурабишвили де қолдады. 29 сәуірде Тбилисидегі Руставели даңғылында президентті қолдау акциясы өтті. 

10 мамырда Грузия парламентінің төрағасы Шалва Папуашвили депутаттар даулы заң жобасын келесі аптада үшінші оқылымда қарастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. 11 мамырда Тбилисиде «шетелдік агенттер» туралы заңға қарсы тағы бір акция өтті. БАҚ мәліметтері бойынша, оған екі жүз мыңға жуық адам қатысқан.

13 мамырда болған парламент отырысында арнайы комитет «шетелдік агенттер» туралы заңды үшінші оқылымда қабылдағаны белгілі болды.

Қырғызстан қабылдаған заң

Еске сала кетсек, осыған ұқсас заңды Қырғызстан да қабылдады. Бұл заң жобасын депутаттар 14 наурыз күні мақұлдады. Жогорку Кенеш заң жобасының коммерциялық емес ұйымдардың, оның ішінде шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ шетелдік өкілдің функцияларын жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдардың қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында әзірленгенін мәлімдеген. 

Бұл заң күшіне енсе, Қырғызстанда дәл Ресейдегідей – шет мемлекеттер, олардың мемлекеттiк органдары, халықаралық және шетелдiк ұйымдар қаржыландыратын ұйым мен жекелеген тұлғалардың қызметі қадағалана бастайды.  

Айта кетсек, дәл осы заң жобасына қатысты АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен өз алаңдаушылығын білдірген болатын. Алайда Қырғыз президенті Садыр Жапаров Блинкеннен Қырғызстанның ішкі істеріне араласпауды сұрады.

Жапаров заң жобасын Қырғыз мемлекеті осы коммерциялық емес ұйымдарға қаржының қайдан келетінін, қалай, қандай мақсаттарға жұмсалатынын бақылау мақсатында әзірлегенін айтты.