Қатарлық инвесторға сатылар алдында Bereke Bank топ-менеджерлеріне төленген жалақы мен сыйақыны екі есе қысқартқан. 2022 жылы банк бірінші басшыларына жалпы 2,8 млрд теңге төлесе, биыл топ-менеджерлер 1,4 млрд теңге алған.
Банктің қор биржасына жолдаған хабарламасында 2023 жыл атқарушы орган өкілдеріне 1,4 млрд теңге сыйақы төленгені жазылған. Бұл сомаға қазіргі басшыларымен қатар, 2023 жылға дейін жұмыс істеген бұрынғы топ-менеджерлеріне төленген айлық жалақы мен сыйақылары кіреді.
2022 жылы 124,5 млрд теңге шығынға батып отырған кезінде банк басқарма мүшелеріне 3 млрд теңгеге жуық қаржы төлеген болатын. 2022 жылы банктің басқарма құрамында бес адам болған еді. Кейіннен басқарма құрамы бірнеше рет өзгерді. Қазір қаржы ұйымының басқарма құрамында 3 адам бар.
Қаржы ұйымын «Бәйтерек» холдингі 2022 жылдың қыркүйегінде ресейлік «Сбербанктен» сатып алған. 2024 жылдың ақпан айында Bereke banкті Қатардан келген инвестор сатып алатыны белгілі болды. Қатар инвест банкі Lesha Bank «Бәйтерек» холдингімен Қазақстандағы банкті сатып алу туралы алдын ала келісім жасасқан.
Инвестор банктің бүкіл акционерлік капиталын сатып алатыны белгілі. Сондай-ақ мәміле тараптардың болашақта жасалатын түпкілікті келісімшарттарын сәтті келісуіне байланысты болмақ.
2024 жылдың ақпан-наурыз айларында өтімділікті артыру үшін банк холдингпен байланысы бар компаниялардан 270 млрд теңге тартқан. Бұған дейін Bereke Bank 2023 жыл үшін дивиденд төлемейтінін хабарлады. Акционер бұл шешімін банктің меншікті капиталының төмендеу қаупімен түсіндірген. Банктің былтыр тапқан 28,9 млрд теңге таза пайдасы акционерлік қоғам меншігінде қалдырылған.
2024 жыл басынан бергі таза пайдасынан келер болсақ, 21 ЕДБ арасында Bereke Bank ең нащар көрсеткішке ие. Бір жыл бұрын 4,1 млрд теңге тапқан (-94%) банк қаңтар-ақпан айында небәрі 255 млн теңге табыс тапқан.